Шымкент: Интернет алаяқтығының көпшілігі «Каспи», «Еуразия», «Халық» интернет банкингтерін қолдану арқылы жасалады

Құрметті азаматтар, қала тұрғындары!
Сіздерді кез келген оңай ақша табу жарнамаларына алданбауды, түсініксіз жағдайда құқық қорғау органдарына хабарласу арқылы тексеруді және барлық жарнамаларға, әсіресе өздерін Банк қызметкеріміз деп таныстырғандарға күмәнмен қарауға шақырамыз.
Интернет алаяқтығының көпшілігі Каспи», «Еуразия», «Халық» интернет банкингтерін қолдану арқылы жасалатынын Шымкент қаласы Прокуратурасының Қылмыстық қудалау басқармасының бастығы Досанов Жандос Есенжанұлы хабарлады.
Алаяқтықтың қылмыс екенін жұрттың бәрі біледі, бірақ, бұл қылмыспен күрестің көкейкестілігін әркім түсіне бермейді. Сондықтан, қауіпсіздік шаралары ретінде жеке байланыс бойынша егер сізге көшеде бейтаныс адам өзін алыс туысқаныңыз ретінде таныстырып, көмек сұрап белгілі бір ақша сомасын қарызға сұраса, бейтаныс адамға сеңбеу қажет. Оларды үйге шақырмаңыз. Туысқандарыңызға қоңырау шалыңыз және олармен кеңесіңіз. Ақшаңызды қайда сақтайтындығыңызды айтпаңыз және көрсетпеңіз. Банк картасын бұғаттау бойынша: егер белгісіз тұлға өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, Сіздің қартаңыз бұғатталғаны немесе Сізге бонустар есептелгенін хабарласа, картаның нөмірін, пин-кодын хабарлауды немесе жақын жердегі банкоматқа барып, картамен қандай да бір қызмет жүргізуді сұраса, сенбеңіз. Банк қызметкерлері ешқашан картаның деректемелерін хабарлауды сұрамайды. Банкке хабарласып болған жағдай туралы айтыңыз. Ешқашан картаның артқы жағындағы үш таңбалы санды немесе СМС парольдер мен құпия сандарды хабарламаңыз.
Телефон қоңырауы немесе СМС хабарлама бойынша: Егер белгісіз нөмірден Сізге қоңырау шалып, туысқаныңыз қиындыққа тап болғанын айтса, сұхбаттасушы сіздің туысқаныңызға шұғыл ақша қажет екендігін, соны курьерге немесе картаға аудару керектігін айтса, сенбеңіз. Ешқандай жағдайда ақшаны белгісіз адамдарға бермеңіз және аударым жасамаңыз. Тез арада туысқанға хабарласу қажет.



