Қала тұрғындары тәртіп сақшыларының жұмыстарына сәттілік тіледі

Қала тұрғындары атынан күн сайын әлеуметтік желі арқылы тәртіп сақшыларына алғыс білдірген бейнежазбалар келіп түседі. Жергілікті азамат «Police_shymkent» ресми парақшасына жолдаған өз жазбасында тәртіп сақшыларының мінсіз қызметін айтып, құрметін жеткізген.
Шымкент қаласы ПД ЖПҚБ Патрульдік полиция полкі қызметкерлерінің бірінші кезектегі міндеті – азаматтардың көшелерде және қоғамдық орындарда қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы ретте күнделікті қызметке кіріскен кезде қала көшелері мен қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтап, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылады.
Сондай-ақ қоғамдық орындар мен көшелердегі жол-көлік апатын алдын алу бағытында көп кептеліс орын алатын 29 көше қиылыстарында таңғы сағат 7:30-9:00, түскі сағат 12:30-14:30 және кешкі сағат 17:30-20:00 аралығында 2 қызметкерден қызмет атқаруда.
Бүгін де Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшылығына қала тұрғыны алғыс айтып, бейнежазба жолдаған. Онда полиция қызметкерінің жедел әрі сапалы қызметіне риза болып, тәртіп сақшыларының жұмыстарына сәттілік тілепті.
«Мен, Көбей Дүйсенбиев, 2023 жылдың 14-сәуірінде байлаулы тұрған жылқым босанып кетіп, жоғалғаны туралы арызданған болатынмын. Осы жайт бойынша Қаратау АПБ ЖПҚБ учаскелік полиция инспекторы полиция майоры М. Оразов жедел түрде әрекет етіп, менің жоғалған атымды тауып, үйіме әкеп берді. Сол себепті, тәртіп сақшысына өз алғысымды білдіремін. Жұмысына табыс тілеймін!» – деп шынайы ризашылығын жеткізді.
«Мен, Айгүл Өсербаева, 2023 жылдың 16-наурызында пәтерімнен телевизорымды ұрлап әкеткені туралы арызданған болатынмын. Осы жайт бойынша Тұран АПБ қызметкерлері полиция капитаны Байымбет Досалы, полиция аға лейтенанты Ердәулет Ералиев және полиция лейтенанты Мұхамеджан Қадыркулов жедел түрде әрекет етіп, менің телевизорымды қайтартып берді. Сол себепті, тәртіп сақшыларына өз алғысымды білдіремін. Жұмыстарына табыс тілеймін!» – деп шынайы ризашылығын жеткізді.
Айта кетейік, тәртіп сақшылары құқықбұзушылықтарға қарсы тұрып, азаматтардың құқығын қорғап қана қоймай, әрдайым тұрғындарға заң шеңберінде қызмет көрсетіп, қоғамның тыныштығын сақтап келеді.



