«Заңды білу – заман талабы» тақырыбында құқықтық кездесу өтті

Әрбір адамның өз құқығын бес саусағындай жақсы білуі, қоғамда болып жатқан әрекеттердің заңға қарама-қайшылығын немесе сәйкестігін сараптай алуы оның құқықтық сауаттылығымен тікелей байланысты. Азаматтардың басым көпшілігі өз құқығын жете білмесе де, оны білуге аса қызығушылық танытпауда. Заман ағымына сай заңдар жүйесіне де өзгерістер енгізіліп тұрады. Адамдар да осы ағымнан қалмай, қатар жүруге үйренуі тиіс. Себебі, біздің өз құқығымыз бен заңды жетік білуімізден жауапкершілігіміз туындайды. Әрине, барлық адамның заң баптарын жаңылмай айта алуы шарт емес. Десек те, адамның өмірі мен қызметіне қатысты құқықтық-заңдық сауаттылығының тым төмен болуы оны талай бас ауыртар мәселемен бетпе-бет жүздестіруі мүмкін.
Шымкент қаласы «Политехникалық колледжінде» оқу орнының студенттеріне арнап, «Заңды білу – заман талабы» тақырыбында құқықтық кездесу өтті. Оған Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімі Ювеналдық полиция бөлімшесінің, Қаратау ауданының Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімі Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің қызметкерлері мен «Сана Сезім» қоғамдық бірлестігінің мамандары қатысты.
Шарада қоғам арасындағы ең өзекті мәселелер – отбасындағы зорлық-зомбылық, кәмелетке толмағандарды қорғау, есірткі қылмысы мен адам саудасына қарсы іс-қимыл, жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу барысы талқыланды.
Мамандар өздерінің білімдері мен тәжірибелерімен бөлісіп, өз жұмыстары туралы, өздерін және жақындарын қорғау үшін заңды білу қаншалықты маңызды екендігін айтты.
Сонымен қатар, кездесу барысында мамандар жастарға зиянды заттардың қауіптілігі, жаңа психоактивті заттардың таралуы жөнінде толыққанды мәліметтер беріп, одан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап көрсетті.
Колледж әкімшілігі өсіп келе жатқан ұрпақты ойлы да іскер, өзіне-өзі сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік азамат етіп тәрбиелеуде қосқан үлестері үшін шақырылған қызметкерлерді алғыс хаттармен марапаттады.



