Түркістандық параспортшылар ел мерейін үстем етті
Түркістан облыстық мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубының спортшылары Халықаралық жарыстарда бағы жанып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Жуырда Біріккен Араб Әмірлігінің Шардж қаласында пара жеңіл атлетикадан өткен Халықаралық ашық біріншілікте түркістандық Мұқан Айтмырзаев ел қоржынындағы медальдар санын толықтырды. Спорт әлеміне қадам басқанына 1 жылдан енді ғана асқан параспортшы найза лақтырудан – алтын, диск лақтырудан – күміс, ядро лақтырудан – қола жүлдегер атанған-ды.
Жеңісті жолдың бастауын пара дзюдошылар жалғады. Тарқатып айтқанда, Астана қаласында 28-30 сәуір аралығында өткен Азия чемпионатында Зәуре Айтек +70, Диляром Диханова 57 келі салмақ дәрежесінде 3-орынды иеленді. Командалық жарыста ерлер асында +90 салмақта Бағланбек Оңалбек чемпион, әйелдер арасындағы командалық сайыста З. Айтек пен Д. Диханова алтын алқа иегерлері атанды. Жүлдегерлердің жаттықтырушылары – Шавкат Ешматов, Данияр Ташбулатов.
Сондай-ақ, Грузия мемлекетінің астанасы Тбилисиде пара пауэрлифтингтен 25-сәуір мен 2-мамыр аралығында жалғасқан Әлем кубогында Зарина Әшір оза шапты. Дүбірлі додада 50 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен спортшы жастар арасында чемпион атанса, жекелей жастар арасында және ересектер арасында қос күміс медальдың иегері болуға лайықты екенін дәлелдеді. Облыс мақтанышының жаттықтырушысы – Марат Нұрмаханов.