Шымкент: Тәртіп сақшылары балаларға жол қауіпсіздігін үйретуде

Балалар – жол жүрісіне қатысушылардың ең осал санаттарының бірі. Көбіне жол жүрісі қағидаларын білмеу немесе оларға немқұрайды қарау салдарынан жолдың бойында ойнап жүрген, белгіленбеген жерлерден көшені кесіп өткен балалар жол апатына себепші болып жатады.
Балалардың жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрысқа байланысты дағдыларын нығайту мақсатында, қала берді оқушылардың оқу жылының басталуы қарсаңында «Абайлаңыз – балалар!» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталғанын атап өткен жөн. Іс-шара шеңберінде білім беру мекемелерінің аумағындағы жол желісінің жұмыс күйін және жол жүрісін ұйымдастырудың техникалық құралдарын зерттеу, ата-аналар мен мұғалімдерге жол қауіпсіздігі бойынша профилактикалық сабақтар, дәрістер өткізу көзделген. Сонымен қатар жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуді насихаттауға және балалардың қатысуымен болатын жол-көлік жарақаттарының алдын алуға бағытталған өзге де жұмыстар жоспарланған.
Балалардың жол-көлік оқиғалары кезіндегі зардап шегуі, жарақат алуының алдын алу, көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын нығайту мақсатында жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ, полиция қызметкерлері оқушылардың мектепке барып- қайтатын, олар жиі баратын көпшілік және қоғамдық орындардағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертті. Жолдағы қозғалыс бағыттарын арнайы іс-әрекетпен көрсету арқылы жол ережелерін жаттатты.
Акция аясында Тұран АПБ ЖПҚБ Ювеналды полиция тобының инспекторы М. Әлжанов №4 жалпы орта мектептің бастауыш сынып оқушыларына “Жолда абай бол!” тақырыбында сабақ өткізді. Тақырыпқа сай, жол ережелері түсіндіріліп, оқушыларға сұрақтар қойылды.
Өз кезегінде, оқушылар сабақта меңгерген жол белгілері мен ережелерін көрсетіп, бір-бірімен бөлісті. Полиция қызметкерлері дәрісті қорытындылай келіп, оқушыларға жолда абай болуға шақырды.
Сондай-ақ, тәртіп сақшылары «Қауіпсіз жол» іс-шарасы оң нәтиже бергенін айтады. Бұл айлық тек жол жүрісі қағидаларын бұзуды анықтауға ғана емес құқықтық түсіндіру жұмыстарына да бағытталғанын атап өткен жөн.



