Түркістан: Арыстықтар саяси қуғын-сүргін құрбандары рухына тағзым етті
Бүгін ХХ ғасырдың 30 – жылдарында қазақ халқын мұңға бөлеп, зор қайғы әкелген саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған орай, Арыс қаласында қайта жаңғыртылып, абаттандырылған «Қасірет» мемориалында боздақтарды еске алу шарасы өтті.
Жиын аясында ұлтымыз үшін жазықсыз құрбан болған боздақтар бір минуттық үнсіздікпен еске алынып, ескерткіш тақтаға гүл шоқтары қойылды. Мәдениет үйінің қызметкерлері зұлмат жылдарындағы оқиғаға орай жүрек тебірентер көріністер көрсетті. Бұдан бөлек, өнерпаздар кедір-бұдыр тастар арасында ақ-қараға оранып, зұлмат жылдардағы қасірет, қорқыныш пен хаосты бейнеледі.
Содан кейін Арыс қаласының бас имамы Қажымұқан Қазыбаев марқұмдар рухына Құран бағыштады.
Айта кетейік, Қазақ жерінде зұлматты жылдары 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 25 мыңнан астамы атылған.
Бұл қазақ тарихына қара таңбамен жазылған қуғын-сүргіннің зардабы тұтастай бір ұлтты қуғынға ұшыратқан ұлы қасірет болатын. Мұндай еске алу шаралары бүгінгі ұрпақ үшін де, болашақ ұрпақ үшін де аса қажет. Сондықтан, оларды әрдайым еске алып, тағзым ету парызымыз болып қала бермек.
Биыл қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың тапсырмасымен, көптен бері жөндеу көрмеген «Қасірет» мемориалын қалпына келтіру, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, мемориал ішіне аяқжол төсемелері төселіп, келушілер үшін орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылды. Бұдан бөлек, жарық шамдар орнатылып, автоматты суару жүйелері іске қосылды.