Түркістан: Арыста ерекше балаларға мерекелік көңіл-күй сыйланды
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Айтулы мерекеге орай Арыста орналасқан «Danis» коррекциялық дамыту орталығында ерекше жағдайдағы балаларға арналған мерекелік кеш өтті.
Думанды шарада кішкентай көрермендер үшін дайындалған театрландырылған қойылымдар оларды ертегі еліне шақырды. Балалардың жүздеріне күлкі мен шаттық ұялап, ерекше балалар өз өнерлерін көрсетіп, мәре-сәре болды.
Мерекелік жиында қаланың кәсіпкерлері балаларға түрлі сыйлықтар жасап, демеушілік танытты. Бірі қорап-қорап балалардың ойын дамытуға арналған ойыншықтар мен спорттық жабдықтар әкелді. Ал, «Қолғабыс» қоғамдық қоры қауіпсіз бассейн сыйға тартты.
Жиынға келген ата-аналар да балаларды мерекемен құттықтап, жыл сайын үрдіске айналдырып, қайырымдылық жасап келе жатқан жеке кәсіпкерлер мен әлеуметтік қызметкерлерге ризашылықтарын білдірді.
Мерекелік кеште ерекше балалар аниматорлармен бірге ән айтып, би билеп, көңіл көтерді. Сондай-ақ таратылған тәттілер мен балмұздақтан дәм татып, ерекше әсерге бөленді.
Айта кетейік, 50 орынға арналған «Danis» коррекциялық дамыту орталығы биыл қала күні қарсаңында ашылған болатын. Мұнда тілі мен құлағында мүкісі бар немесе ақыл-ой дамуында ауытқушылық байқалатын балалар мен жалпы дамуы кешеуілдеген, арнайы мамандар көмегін қажет ететін балалардың өсіп, жетілуі үшін барынша жағдай жасалған.