Түркістан: Көгалдандыру және санитарлық тазалық мәселесі қатаң бақылауға алынды
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде тұрмыстық қатты қалдықтар тастайтын полигондар реттеліп, талапқа сай болуы қадағаланады. Ғарыштан түсірілім жасау арқылы 2022 жылы 408 заңсыз қоқыс орны анықталып тазаланса, биыл түсірілім енді жүріп жатыр. Нәтижесімен анықталған нүктелерді дер кезінде жою бойынша аудан, қала әкімдіктеріне тиісті тапсырмалар беріледі.
Облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының қатысуымен өңірдегі тұрмыстық қатты қалдықтар мен елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары бойынша жиын өтті. Отырысқа Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Түркістан облысы экология департаментінің өкілдері қатысты. Аудан әкімдерінің орынбасарлары онлайн режимде қатысып, тиісті тапсырмалар алды. Жиында қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, елді мекендердегі көгалдандыру жұмыстарын жүйелеу мәселесі нақтыланды.
– Облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын 159 полигон орны белгіленіп, құжаттандырылған. Алайда 95 полигон санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Атап айтқанда, полигондар қоршаумен жабдықталмаған, көліктердің дөңгелектерін дезинфекциялаушы бетон ваннасы мен арнайы ерітіндісі жоқ, қалдықтардың көлемін өлшейтін таразы қойылмаған және көгалдандырылмаған. Өткен жылы қоқыстарды қайта өңдеу үлесі бойынша меже толық орындалған. Биыл жылдық жоспар 23% жоспарланған. Жыл соңына дейін аталған көрсеткішке қол жеткізіледі деп күтілуде. Бүгінгі таңда облыс бойынша 19 мекеме сұрыптаумен, 4 мекеме қайта өңдеумен айналысады. Атап өтсек, Ордабасы, Түркістан, Кентау, Сауран аудандарында тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеп кәдеге жарату жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда. Басқа аудан, қалаларда қоқыстарды сұрыптау, бөлек жинау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар облыс бойынша Созақ, Мақтаарал, Келес, Жетісай, Отырар аудандары қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару және көмуге арналған тарифтерді бекіткен. Ал қалған аудан, қала әкімдіктері тарапынан бекіту жұмыстары заң талаптарына сәйкес жүргізілуде, – деді басқарма басшысы.