Түркістан облысы

Түркістан: Биыл Түлкібастағы ішкі көшелердің қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 87,7 пайызға жетеді

Өткен жылы Түлкібас ауданы аумағындағы елді мекендерде атқарылған жол жөндеу жұмыстарының нәтижесінде ішкі көшелердің қанағатты жағдайдағы үлесі 82 пайызға жеткен болатын. Биыл аудан аумағында тұрғындар өтініштеріне сәйкес, бірінші кезекте халық көп шоғырланған 27,68 шақырымды құрайтын 51 көше жөндеуден өтіп, ел игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Аталған көшелердің ішінде көп жылдан бері өзекті мәселе болып келген Майтөбе ауылының 21 және Азаттық ауылының 26 ішкі көшесі бар. Нысандар «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында жөндеуден өтпек.

Бұдан бөлек, жол-көлік оқиғалары мен төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында биыл 12,4 шақырым аяқжол салу жұмыстары басталып, соның ішінде 2,6 шақырымды құрайтын Балықты ауылына қарасты Нұртаев көшесі толық пайдалануға берілді.

Қазіргі таңда Шақпақ баба ауылының орталық көшесіне және Т.Рысқұлов ауылынның Бекбосынов көшесіне аяқ жол салу жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысандарды шілде айына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Back to top button