Түркістанның «Жасыл белбеуі» ұлғайғанда экология жақсара түседі
Түркістан қаласы, Сауран және Отырар аудандарында 15079,23 га аумаққа әртүрлі ағаш-бұта көшеттері отырғызылды. Экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында басқармаға қарасты «Жасыл аймақ» КММ жоспарына сәйкес жүзеге асты. Негізгі меже 31 468,43 гектар болған. Түркістан облысы әкімдігі мен «Қазатомөнеркәсіп» «ҰАК» АҚ» мекемесі арасындағы меморандум аясында «Жасыл аймақ» КММ-мен келісімшарт түзіліп, кешенді жоспар жасалған болатын. Осыған байланысты Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының қатысуымен жиын өтті.
Мәжіліске Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, «Оңтүстік тау-химиялық компаниясы бірлескен кәсіпорны» ЖШС, «Қаратау» ЖШС, «Қазатомпром-Sauran» ЖШС компаниялары мен жауапты сала мамандары қатысты. Жиында келісімшарттың тармақтарында көрсетілген мекеме тарапынан орман қоры жерлерінде өтемдік мәдени екпе отырғызу, мәдени екпелерді күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізу және уран өндіруші кәсіпорындардың тарапынан келісімшарт бойынша туындаған мәселелер қаралды. Компания өкілдері өз талап-тілектерін айтты.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары «Жасыл аймақ» КММ-не белгілеп берілген жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алу және табыстау қажет екенін айтты. Ал тұрақты пайдалану үшін берілетін мемлекеттік актіні алу жөнінде берілген тапсырмаларды орындамаған жағдайда жауапты өкілдердің жауапкершіліктері қаралып, заң аясында қатаң тәртіптік шара қолданылатынын ескертті.