Түркістан: Солтүстікке көштің ауқымы ұлғайып жатыр
«Жақында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен осы көштің басы-қасында жүрген ұлтжанды азамат Бурахан Даһанов өңірімізге келіп, онымен бірге бір аптадай түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Бұл бағыттағы жұмыстар нәтижесіз емес. Солтүстіктің жері құнарлы, онда жұмыс көп, маман тапшы. Біздің өңірдің еңбекқор халқы солтүстікке де тез бейімделіп жатыр. Бірнеше жыл бұрын теріскейдегі жабылғалы тұрған мектеп оңтүстіктен көшіп барған 50 шақты оқушының арқасында жұмысын жалғастырып, ауылдың ажары артты. Қазақ елінің әрбір жері қастерлі. Қолынан іс келетін, мал бағуға, егістікпен айналысуға ебі бар өңір тұрғындарын солтүстікке қоныс аударуға шақырамын», – деді ол.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2023 жылға республика бойынша 6727 квота бөлді. Қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсететін 8 облыс белгіленген. Олар – Абай, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ұлытау, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары. Биыл 19-21 сәуір аралығында Түркістан облысының 9 ауданында еліміздің солтүстік-шығыс 4 аймақтарының өкілдерінің қатысуымен «Қоныс аудару» жәрмеңкелері, «Amanat» партиясының Түркістан облыстық филиалы өкілдерімен бірге халықпен кездесулер өткізілді. Нәтижесінде, 509 отбасы қоныс аударуға ниет білдірді, оның ішінде 100-ден аса азамат оң шешім қабылдайтынын жеткізген», – деді Нұржан Нұрашов.
«Солтүстіктегі ағайын ыстық ықыласпен қарсы алып, қолдауын көрсетіп жатыр. Алдағы уақытта онда ірі қара мал бағып, осы шаруашылықты дамытуға күш салмақпын. Мен барған Шал ақын ауданында балық шаруашылығымен де айналысуға мүмкіндік мол. Ауданда 17 көл бар екен. Болашақта көлдің емдік балшығының негізінде санаторий ашуға ниеттімін. Осы сапар нәтижесінде өзім 15 шақты отбасыға құжаттарын рәсімдеуге көмектесіп, солтүстікке алып бара жатырмын», – деді ол.
Одан бөлек, солтүстікке көшуге ниетті Келес ауданының тұрғыны Мұхамеджан Алдияров та мал шаруашылығына лайықты елдімекенді таңдап, алдағы аптада көшуге дайын екендігін жеткізді. Сондай-ақ, ол көшіп барған соң солтүстік жұртына ұлттық спорт түрі көкпарды насихаттап, дамытқысы келетіндігін айтты.