BasNewsЖаңалықтар

Жетісу облысында жоғалып кеткен оқушы қыздың денесі табылды

Жетісу облысында жоғалған 15 жастағы қыздың мәйіті өзен арнасынан табылды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі Рolisia.kz-ке сілтеме жасап.

Панфилов ауданында соңғы екі күнде хабар-ошарсыз кеткен жасөспірім қыздың мәйіті Әулие ағаш ауылынан 2-3 шақырым жерде Бұрақожыр өзені арнасынан бүгін, 6 маусымда табылды. Денесінде зорлық-зомбылық делгілері байқалмаған.

«Полицейлер қажетті сараптамаларды тағайындап, өлімінің барлық мән-жайын мұқият тексеріп жатыр.

Оқушы қызды іздеуге Панфилов аудандық полициясының жеке құрамы қатысты. Сондай-ақ іздестіру іс-шараларына облыстық департаменттің қызметкерлері, әскери қызметшілер, жергілікті тұрғындар, әкімдік қызметкерлері, мектеп оқытушылары мен еріктілер (200-ден астам адам) қосылды. Іздеуге жарияланған жасөспірім қыз туралы ақпарат жақын маңдағы полиция бөлімшелеріне жіберілді, БАҚ пен әлеуметтік желілерде орналастырылды.

Облыстық полиция марқұмның туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады», – делінген полиция мәліметінде.

Еске салайық, Жетісу облысында хабар-ошарсыз кеткен 15 жастағы Ербосын Айзере Қанатбайқызы іздестіріліп жатқанын бұған дейін жазылды.

Back to top button