Түркістан облысы

Түркістан: «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік саласындағы 50 бизнес жоба талқыланды

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және халық арасында кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмасы аясында өңірде халықтың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен «Ауыл аманаты» жобасының алтыншы бағыты аясында несиелендіру тәртібі бойынша жиын өтті. Жиынға әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы, «Ырыс» МҚҰ және «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығының өкілдері және облыс кәсіпкерлері қатысты.
Жиында Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес әзірленген кәсіпкерлік бағытындағы 50 бизнес жобаны таныстырды. Құрылыс қолғап, шұлық, шеге, құрылыс материалдарын жасау, плитка өндірісі, ұнтақ және химиялық сұйықтықтарды өндіру, жиһаз, ағаш бұйымдары, жартылай дайын тағамдар өндіру бойынша кәсіп иелері өз бизнестерін таныстырып, қолдау көрсетуді сұрады. Шығыны мен пайдасы зерделеген кәсіпкерлік бағытындағы жобаларды таныстырған басқарма басшысы, бұдан бөлек бірқатар потенциалды жоба пысықталып жатқанын жеткізді.
Кәсіпкерлердің жобаларымен жеке-жеке танысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
– Іс бастаймын десеңіздер, ешқандай қарсылық білдірмейміз. Керісінше, істеймін деген азаматқа қолдау көрсетеміз. «Ауыл аманаты» бағдарламасына халықты тарту керек. Мүмкіншілік көп. Мемлекет ұсынған қолдауды тиімді пайдаланып, жұмыс істеу керек. Тек ауыл шаруашылығымен ғана айналысып қоймай, басқа да кәсіпке бейімделген жөн. Көтерген мәселелеріңізді заң аясында қарап, оңтайлы шешуге күш саламыз. Бірлесіп жұмыс атқарайық, – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесуде кәсіп иелері кедергі келтіретін өзекті мәселелерді ортаға салып, жер және инфрақұрылым туралы сөз қозғады. Көтерілген мәселелер заң аясында қаралып, шешімін табады.
Жиын соңында кезекті отырыс уақыты белгіленіп, көтерілген мәселелер бойынша атқарылған жұмыс нәтижесін саралау келісілді. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары жауапты басшыларға таныстырылған 50 бизнес жобаны қаржыландыру деңгейіне дейін сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Back to top button