Алматы облысында LRT салынбақ
Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі аймақта LRT салу бойынша түрік инвесторымен меморандумға қол қойылғанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Түркияның «Ташяпы» компаниясы Қаскелең – Есік – Талғар – Алматы – Ұзынағаш бағыты бойынша жеңіл рельсті көлік жүйесін іске қосуды жоспарлап отыр. Талғар мен Қаскелеңде Алматыға LRT арқылы жету үшін көліктерді қалдыруға болатын автотұрақ та салынбақ. Бұл қалаға күніне 300 мың тұрғын кіретін Алматыдағы көлік кептелісін азайтуға көмектеседі деп күтілуде.
Жобаны жүзеге асыруға қажетті инвестиция көлемі әлі белгісіз. Шілде айында түрік компаниясы техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуге кіріседі. LRT ұзындығы 80 шақырым, ал Алматы мен Қонаевты қосқанда 150 шақырым болады.
Бірінші кезеңде Талғар мен Алматының арасын жалғау жоспарлануда. Ал Қонаев – Алматы бағыты бойынша жоба екінші кезеңде іске асырылады.