Екі аптадан соң шетелдік көліктерді тіркеу аяқталады
Ішкі істер министрлігі екі аптадан соң шетелдік көліктерді заңдастыру аяқталатынын мәлімдеді. Дегенмен 1 шілдеге дейін өтініш берген азаматтарға қызмет көрсету одан әрі жалғаса бермек, – деп хабарлайды Basnews.kz.
ІІМ мәліметінше 16 маусымдағы жағдай бойынша 161 мың автокөлік заңдастырылды, тағы 13 мыңнан астамы тіркеуді күтіп отыр. Сондай-ақ 22 мамырдан бастап 7 мыңға жуық автокөлік-конструктор қазақстандық есепке қойылған.
“Өздеріңіз білетіндей, заңдастыру аяқталғанға дейін екі апта қалды. Көптеген азаматтар өз көліктерін заңдастыруға үлгермей қалуымыз мүмкін деген алаңдаушылық білдіруде. Осыған байланысты ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін өтінім берген Қазақстанның барлық азаматтарына көрсетілген мерзімнен кейін автокөліктертерді заңдастыру құқығы берілетінін хабарлағым келеді», – деді Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.
Ал Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмай, тиісінше заңдастырылмаған темір тұлпарлар ел аумағында 5 жыл мерзімге уақытша есепке қойылады.
«Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап заңдастыруға өтінімдерді қабылдау тоқтатылады және заңдастыру мерзімі ұзартылмайтынын ескертеміз. Одан кейін шетелдік есепте тұрған автокөліктерді Қазақстан Республикасының заң талаптарын бұзып пайдалануды жалғастырған азаматтарға тиісті шаралар қабылданады», – деп түйіндеді Сұлтанбаев.