1 шілдеден бастап Халықты жұмыспен қамту орталықтары жойылады
1 шілдеден бастап еліміздегі Халықты жұмыспен қамту орталықтары жойылады. Оның орнына Еңбек мобильдігі орталықтары құрылмақ, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дерегіне сүйенсек, ел аумағындағы бұрынғы жұмыспен қамту орталықтары толықтай жойылады. Бұл 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекстің күшіне енуіне байланысты қабылданған шешім. Бүгінде өңірлерде дәл осындай 207 орталық бар.
Оның орнына Еңбек мобильдігі орталықтары құрылмақ. Оның негізгі жаңа функциялары:
– жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдау, болжау негізінде өңірдің еңбек ресурстарының теңгерімін қамтамасыз ету;
– өңірлік жұмыспен қамту карталарын әзірлеу және оларды жергілікті жерлерде іске асыруды үйлестіру;
– жұмыспен қамтудың белсенді шараларын іске асыру және өңірде іске асырылатын барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар шеңберінде ашылатын жұмыс орындарының құрылуына мониторинг;
– жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында азаматтардың ерікті көші-қонына жәрдемдесу және азаматтарды көшіру бағдарламаларын өңірлік деңгейде үйлестіру;
– жұмыс іздеуші ретінде жүгінген және жұмыссыз адамдарды тіркеу;
– халықты, жергілікті атқарушы органдарды және уәкілетті мемлекеттік органды өңірлік еңбек нарығының жай-күйі туралы хабардар ету.
Осылайша еліміздің облыс орталықтары мен мегаполистерінде 20 еңбек мобильділігі орталығы құрылмақ. Ал жұмыс істеп тұрған халықты жұмыспен қамту орталықтары мансап орталықтарына айналады әрі қалалар мен аудандардағы еңбек мобильділігі орталықтарының филиалдары болады.