Шымкент полицейлері жалғыз басты анаға көмек көрсетті

Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері аз қамтылған отбасыларға барып қамқорлық жасауды дәстүрге айналдырған.
Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері күні кеше жалғыз басты ананың үйіне барып, қаржылай және азық-түлік, сыйлықтармен қуантып қайтты. «Әрбір бала бақытты болу үшін жаралған» демекші, Халықаралық отбасы күніне орай тәртіп сақшылары отбасын айтулы мерекемен құттықтады.
Тәртіп сақшыларының жасаған қайырлы ісіне жалғыз басты ана алғыс айтып, өз ризашылығын білдірді.
«Азық-түлік пен шаруашылық заттарды алып келіп, қайырымдылық көрсеткендеріңіз үшін сіздерге көп рақмет. Қаламызда темірдей тәртіп орнатумен бірге игілікке толы істеріңіз өздеріңізге еселеп қайтсын», – деді қала тұрғыны.
Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» демекші, қиын да қауіпті күнделікті жұмыстарынан бөлек, Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері жыл сайын тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларына қолдау білдіріп, демеушілік жасап келеді. Биыл да бұл дәстүр өз жалғасын тапты. Ондағы мақсат – балалардың санасына мейірімділік, қайырымдылық ұғымдарын қалыптастыру, балаларды кішіпейілділікке, бауырмалдылыққа тәрбиелеу арқылы ұлттық құндылықтарды бойына қалыптастыру.
Сондай-ақ, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай жалғыз басты ананың үйіне барып, екі қызына қаржылай және тұрмысқа қажетті азық-түлік пен күнделікті тұтыну заттарымен қамтамасыз етті. Әрбір бала бақытты болу үшін жаралған демекші, тәртіп сақшылары отбасындағы бүлдіршіндерді айтулы мерекемен құттықтады.
Осылайша тәртіп сақшылары балалардың мерекелік әсерлерін сезіну үшін өз үлестерін қосып, қайырымдылықтың әрі адамгершіліктің жарқын үлгісін көрсетті. Айта кетейік, дәстүрге айналған бұл игі шаралар алдағы уақытта да Шымкент қаласы Полиция департаменті тарапынан өз жалғасын таппақ.
Ежелден қазақ ұлты басым шоғырланған оңтүстік тұрғындары өздерінің ерен еңбегімен еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып келеді. Жатты да жақынындай бауырына басқан қазақ халқы қайырымдылық көрсетіп, бір-біріне қолдау көрсетуді азаматтық борышы санайды. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған қазақ үшін қайырымдылық, қамқорлық деген ұғымдардың орны әрқашан ерекше.


