Түркістан облысы

Түркістан: Облыс әкімі жаңа спорт кешенінің жұмысымен танысты

Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай Төлеби ауданында «ALMA-TAU» спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті.

Жиынға облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде спорттың дамуына ерекше көңіл бөліп, бұл саланы мемлекеттің маңызды басым бағыттары санатына қосып келеді. Осы орайда бүгін спорт жанашыры Абдиев Шыңғыс Садикаримұлының демеушілігімен «ALMA-TAU» спорттық-сауықтыру кешенін пайдалануға бергелі отырмыз. Таяуда ғана бокстан Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен, әлем чемпионатының алдындағы оқу-жаттығу жиындарын еліміздің құрама командасы осы кешенде сәтті аяқтап, ел қоржынына 4 алтын, 1 күміс жүлде сыйлаған болатын», – деген облыс әкімі демеушіге бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамытуға қосып жатқан елеулі үлесі үшін алғыс білдірді.
24 га аумақта орналасқан заманауи спорт кешені 5 залдан тұрады, жалпы ауданы 5 183 шаршы метрден асады. Спорттық кешенде 234 адамға арналған қонақүй, командалық ойындарды өткізуге арналған волейбол, баскетбол, гандбол, бадминтон, шағын футболға арналған залдар бар. Сондай-ақ, бокстан, еркін және грек-рим күресінен, самбо, каратэ, дзюдодан жарыстар мен спаррингтер, таэквондо, семсерлесу, үстел теннисі және көркем гимнастикамен айналысуға мүмкіндік жасалған. Одан бөлек, ауыр атлетикамен айналысу үшін заманауи тренажер залдар, кардио аймақтары, жүгіру жолдары, стационарлық велосипедтер бар.
Айта кетсек, спорт кешенінде 72 душ және 443 киім ауыстыратын бөлме қарастырылған. Барлық үй-жайлар кәсіби климаттық бақылау жүйелерімен және еденді жылытумен жабдықталған. Сондай-ақ, 100 орындық конференц-зал, медициналық пункт және массаж кабинеттері бар.

«ALMA-TAU» спорттық-сауықтыру кешенінің дамыған инфрақұрылымы 400 спортшыға дейін оқу-жаттығу жиындары мен жалпы дене шынықтыру даярлығын өткізу үшін қолайлы. Сонымен қатар, кешенде 117 бөлмелі қонақүй кешені, орыс және сақ моншалары, екі ересек және балалар бассейні, 400 орынға дейін фастфуд мейрамханасы бар.

Back to top button