Шемонаихадағы жарылыстан екі адам қаза тапты
22 маусымда Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонаихадағы жанармай құю станциясында жарылыс болып, екі адам қаза тапты, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, екі зардап шегушінің денесінің 98 пайызын күйік шалған, жағдайы өте ауыр.
«Дәрігерлер тәулік бойы олардың өмірі үшін күресіп, қолдан келгеннің бәрін жасады, басқарма басшылығы оқиға орнында болды. Әр сағат сайын зардап шеккендердің жағдайы бойынша облыстық және республикалық дәрігерлермен телемедицина жүйесі бойынша кеңестер өткізілді. Зардап шеккендер 48 сағаттан кейін қайтыс болды. Мұндай күйік дәрежесімен адамдар әдетте бір күннен кейін қайтыс болады», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары.
22 маусымдағы жарылыс кезінде зардап шеккен тағы екі науқас ауруханада ем алып, сауығып келе жатқаны айтылды.
Еске салайық, 22 маусымда Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонаихадағы газ қоймасы жарылған болатын. Өрт бес техниканы шарпып, ауыр күйік шалған екі адам ауруханаға жеткізілген еді.