BasNewsЖаңалықтар

Президент реформасы: Азаматтардың өмірін жақсарту – негізгі міндет

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Президент Үкімет пен атқарушы органдарға отандық өндірісті ұлғайту, азаматтардың нақты табысын арттыру, экономиканы әртараптандыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөнінде тапсырма берген болатын.

Бұл орайда, Түркістан облысында осы бағытта қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Облыста қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын өсіп келеді. 5 жылда олардың саны 184 мыңға жетті. 5 жылда шығарылған өнім 11 есеге дейін өсіп, 1 трлн. теңгеден асты (2018 ж. 130,9 млрд. теңге).

«Кәсіпкерлікті дамытудың» ұлттық жобасы шеңберінде өткен жылы бизнес субъектілері 46 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Өз ісін бастауға ынталы азаматтарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» арқылы өткен жылы 22 336 қызмет түрі тегін көрсетілді.

Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бастамасы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің өсуіне ықпал етті. 5 жылда инвестиция көлемі 3 есеге артып, облыс экономикасына жалпы 3 трлн. теңгедей инвестиция тартылды. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі. 5 жылда облысқа салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2 млрд. АҚШ долларын құрады. Жалпы сомасы 422 млрд. теңгеге 133 инвестициялық жоба іске асырылып, 9 347 жұмыс орны құрылды.

Биыл инвестиция тұрақты өсіп келеді. Өсім қарқыны бойынша өңір республикада алдыңғы орында (5 айда 196,1 млрд. тг.). Түркістан облысында 5 жылға арналған 368 инвестициялық жоба жоспарланды. Құны 2,8 трлн. теңге болатын жобалар арқылы 18,5 мың жұмыс орны ашылады. 2023 жылы 48 жоба іске қосылып, 1168 адам жұмыспен қамтылды.

Бүгінгі таңда өңірде орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 720-ға жетіп, қамту деңгейі 86,4% құрады (2 025 мың адам немесе 95,6%). Биыл 18 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры салынады, 12 елді мекеннің тозығы жеткен су жүйелері жаңартылады. 465 елді мекенге газ жүргізіліп, қамту деңгейі 56% құрады (1 537,6 мың адам немесе 72,6%). Биыл 68 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 57 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады.

5 жылда 6 100 км жол құрылыс-жөндеуден өтіп, жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік үлесі 71,2%-дан 92%-ға жетті. Биыл 2 мың шақырымға жуық жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 2025 жылдың соңына дейін қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін 95%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Тағы бір маңызды жаңалықтың бірі – Түркістан облысында биыл 5 айда 55 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін 109 мың адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылмақ екен.

Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» бастамасы аясында Түркістан облысында 12 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Биыл өз ішін ашуға ниетті 1688 адамға қайтарымсыз грант ұсыну көзделуде. Бұл бағытқа 2 млрд. теңге бөлінген. Сондай-ақ алғаш рет 594 жасқа 2,5 пайызбен жеңілдетілген шағын несие беріледі. Түркістандық жастар үшін 2,9 млрд. теңге қарастырылды. Жұмыспен қамту және кәсіпкерлікпен айналысуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жергілікті тұрғындар арасында кеңірек насихаттау шаралары да тұрақты жүргізіліп жатыр.

Ерлан Өтелов,
Еңбек ардагері
Сарыағаш ауданының тұрғыны

Back to top button