Жаңалықтар

Жәбірленушілер полиция департаменті бастығының атына алғыс хат жазып, жедел жұмыс үшін ризашылықтарын білдірді

Шымкенттік ерлі-зайыптыларды тонаған түркістандық төрт тұрғын құрықталды. Өз кезегінде жәбірленушілер полиция департаменті бастығы Қайрат Дәлбековтің атына алғыс хат жазып, құқық қорғау органдарының жедел жұмысы үшін ризашылықтарын білдірді.

Оқиға былай өрбіді. Тұран АПБ-ның “102” арнасына жергілікті азамат арызданды. Ол өз шағымында, түнде күйеуімен бірге үйіне оралғанда белгісіз төрт адам ұрып-соғып, тонап кеткендігін жеткізді. Олар жәбірленушіден ақша мен смартфоны бар сөмкені алып кеткен. Келтірілген шығын көлемі 350 мың теңгені құрады.

Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша тіркеді.

Тұран АПБ-ның тергеушісі Қанат Өтеген: «Біз тонауға қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау бойынша бірқатар жедел іс-шаралар жүргіздік. Куәгерлермен сөйлесіп, оқиға орнына жақын орналасқан бейнебақылау камераларының жазбалары тексерілді. Соның арқасында, біз күдіктілердің ізіне түстік», – деді.

Нәтижесінде 2 тәулік ішінде екі күдікті қаладағы жабық базар аумағында, тағы екеуі Түркістан облысы Ордабасы ауданы аумағында ұсталды. Олардың барлығы Түркістан облысының тұрғындары болып шықты.

Тоналған мүліктер заңды иесіне қайтарылып, жәбірленушілер полиция департаменті бастығы Қайрат Дәлбековтің атына алғыс хат жазып, құқық қорғау органдарының жедел жұмысы үшін ризашылықтарын білдірді.

Сонымен қатар, Шымкентте жоғалған 4 жасар бала табылып, балалар аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Бүлдіршін ата-анасына аман-есен тапсырылды. Өз кезегінде баланың анасы полицейлерге жан-жақты жедел қызмет атқарғаны үшін алғыс айтты. Негізі оқиға былай болған еді. Абай АПБ-ның 102 арнасына кәмелетке толмаған баланың жоғалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Әкесінің айтуынша, сағат 13:00 шамасында бала ағасымен бірге достарымен ойнауға аулаға шығып, біраз уақыттан кейін үлкені үйіне жалғыз оралған. Кәмелетке толмаған баланың жоғалып кеткенін ескере отырып, оны іздеуге Шымкент қаласы полиция департаменті бөлімшелерінің барлық күші жұмылдырылды. Баланың жүрген жерін анықтау үшін оның сыртқы келбетін, киімін және фотосуретін сипаттайтын бағдарлар барлық аудандық полиция басқармаларына жіберіліп, әлеуметтік желілерде жарияланды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button