Шымкент

Шымкентте «Қорғау» қосымшасы 20 миллион теңгеге жуық қарызы бар тізгіндеуші ханымды анықтады

«Қорғау» бағдарламасы арқылы қалалық ПД Жедел басқару орталығының қызметкерлері төленбеген қарыздары бар көлік жүргізушісі туралы сигнал алды. BMW маркалы көлік иесінің атқарушылық іс жүргізу бойынша 20 миллион теңгеге жуық берешегі бар екені анықталды. Тамерлан тас жолында тұрған көлікті ұстау үшін патрульдік полиция қызметкерлері мен сот орындаушылары жіберілді. Төлеуден жалтарған әйелге оған борыштарын өтеу туралы ескертілді.

Ал, темір тұлпар айыптұраққа қамалды. Азамат оны қарыздарын толық төлеген соң ғана қайтарып алады. Айта кетейік, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында «Қорғау» қосымшасы жалған нөмірлер, өтелмеген қарызы бар азаматтар мен басқа да заң бұзушылықтарға жиі жол беретін қауіпті жүргізушілерді анықтайды.

Шымкентте көлік нөмірін ауыстырып, бейнекамералардан жасырынған жүргізуші ұсталды. Өткен сенбіде Шымкент ҚПД жедел басқару орталығының қызметкерлері “Қорғау” қосымшасы арқылы Темірлан тас жолы бойында жалған нөмірлі автокөлік жүргені туралы сигнал алды.  Бейнебақылау инспекторлары құқық бұзушыны ұстау үшін патрульдік полиция экипажына бағыт-бағдар берді.

Автокөлікті тоқтатқан кезде тәртіп сақшылары жүк салғыштан көлікке тиесілі мемлекеттік тіркеу белгісінің түпнұсқасын тапты. Жол камераларындағы жазбалардан көлік қалаға өз нөмірімен кіріп, біраз уақыттан кейін оны жалған нөмірге ауыстырғаны анықталды.

Mercedes-Benz автокөлігінің 26 жастағы жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-бөлігі (Көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша хаттама толтырылды. Оның жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жалпы сомасы 100 мың теңгеден астам төленбеген айыппұлы бар екендігі анықталды.

Полицейлер көлік құралын айыптұраққа қамады. Жинақталған іс-құжаттар мамандандырылған сотқа жіберілді. Заңға сәйкес, көлікті көрінеу жалған нөмірмен басқарғандарға 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу және бір жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қарастырылған.

Back to top button