Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде өңірде жүзеге асып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Өңір басшысы Арыс қаласында инвестиция тарту бағытында атқарылған ілкімді тірліктерге тоқталды.
– Бүгін ел экономикасының дамуында үлесі ерекше, Орта Азия қақпасы атанған Арыс қаласына өздеріңізбен жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылау үшін арнайы келіп отырмын. Тоғыз жолдың торабында орналасқан теміржолшылардың қаласы бұрыннан белгілі. Өзіндік даму жолы бар облыстағы ірі аймақтардың бірі. Сіздерге осы есепті кездесуге өз уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге алғыс айтамын.
Биылғы наурызда өздеріңізбен осында кездескен кезде, қаланы дамытуға септігі тиетін 12 маңызды мәселе көтерілген болатын. Басым бөлігі жүзеге асты. Өздеріңіз көтерген мәселелерді түпкілікті шешу үшін арнайы іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде,-деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Арыс қаласына 56 млрд. теңгеге инвестиция тарту көзделіп отыр. Соның нәтижесінде 42 инвестициялық жоба іске асырылып, мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Табысты жобалар мен инвестициялар үшін тартымды қалаға айналып келе жатқан Арыс қаласында биылдың өзінде 19,4 млрд. теңгеге 20 инвестициялық жоба іске қосылмақ. Соның нәтижесінде, жаңадан 354 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Бұл – Арыс қаласының – инвестор үшін игілікті өңірге айналғанының тағы бір дәлелі. Дархан Сатыбалды туған жерді түлетуге атсалысып жатқан демеушілерге алғыс айтып, оларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Арыста жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен 432 млн теңгеге түрлі әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып келеді. Мәселен, жеке кәсіпкер Шағыр елді мекенінде аумағы 2,5 мың шаршы метрді құрайтын спорт және балалар алаңшасын сыйға тартқан. Таптырмас спорт нысанының жалпы жалпы құны 30 млн. теңге.
Талдықұдық елді мекенінен тағы бір демеуші есебінен құны 5 млн. теңгеге спорт алаңшасы салынды. Ал қала орталығынан жеке кәсіпкер 280 млн теңгеге жаңа саябақ құрылысын жүргізіп жатыр. Демалыс аймағында аптап ыстықта жанға сая болар 450 түптен астам ағаш отырғызылған. Сонымен қатар жарықтандыру мен суару жүйесі толығымен автоматтандырылған. Және тұрғындар үшін заманауи, жаттығу құрылғылары бар спорт алаңы салынды. Бұған қоса балаларға арналған екі ойын алаңы орнатылған. Саябақ толық абаттандырылған.
Демеушілер тарапынан жүзеге асырылатын тағы бір жобаның бірі – заманауи спорт кешені. Биыл құрылысы басталған кешеннің жалпы құны 100 млн теңгені құрайды. Мұнда бір мезетте 100-ден аса бала түрлі спортпен шұғылдануға мүмкіндік туады.