Мегаполисте «Түнгі қаладағы балалар» ЖПІШ басталды
Шымкент қаласы аумағында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.
Мұндағы басты мақсат – жазғы демалыс кезінде жасөспірімдер арасындағы және оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтарды анықтау, олардың жолын кесу және алдын алу болып табылады.
Ата-аналар назарына: түнгі уақытта балаларыңыздың үйде болуын қадағалаңыздар. Жалғыз өзін тұрғын үйден тыс жерлерге жібермеңіздер. Өйткені, кәмелетке жасына толмаған балалардың заңсыз іс-әрекеттері үшін заңды өкілі жауапты екенін ескертеміз!
Сондай-ақ, Шымкентте скутер ұрлағандар ұсталды. Түнгі уақытта Жангелдин көшесінде болған қызықты жайт ЖБО бейнебақылау инспекторларының назарын аударды. Алғашында екі скутерге мінгескен үш ер адам көпқабатты үйдің ауласына кіріп кеткен. Бірнеше минуттан кейін байкерлер 3-ші адам басқарған мотороллерді тіркемеде ұстап, алып шығып оқиға орнынан ізін суытқан.
Бір шикіліктің бар екеніне күдіктенген полицейлер жол камералары арқылы скутерлердің баратын жеріне дейінгі бағытын қадағалады. Тізгіндеушілер жаңа көлікті жеке тұрғын үйдің ауласына айдап кіргізген. Ұрлануы мүмкін мотокөлікті тексеру үшін ЖБО-ның кезекшілері оқиға орнына жедел уәкілдерді жіберді. Ұрлық дерегі расталды.
Күдіктілер тұрғылықты мекенжайында ұсталды. Олар 19 және 17 жастағы үш жас жігіт. Белгілі болғандай, олар бұрыннан біреудің скутерін байқап, көз тігіп жүрген. Қазіргі таңда, Әл-Фараби АПБ-мен ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Естеріңізде болсын: екі дөңгелекті көлігіңізді механикалық құлыптар мен электрондық қауіпсіздік құралдары арқылы қорғаңыз. Бұл скутеріңіздің қауіпсіздігін аттыруға көмектеседі.
Айта кетейік, Шымкенттіктерді 60 млн теңгеге алдады деген күдікті іздестіріліп жатыр. Мыңбаева Азиза Мамытқызы 1963 жылы туған. ҚР ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігі (Аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) бойынша күдікке ілінді. Ол 5 азаматты 60 млн теңгеге алдап соққан. Сатылатын үйлердің иелеріне ол жылжымайтын мүлік құнының 10-15 пайызын төлеп, сенімхат жазып беруге көндіріп, қалған соманы жақын арада төлеуге уәде берген. Қажетті құжатты алғаннан кейін, ол басқа біреудің мүлкін қайта сатып жүрген. Қазіргі уақытта әйел тергеу органдарынан жасырынып жүр. Ол бұрын да іздеуде болған.