Шымкентте косметикалық сөмкесінде есірткі сақтаған ару үш жылға сотталды
Есірткілерге деген сұраныс оны коммерциялық сатуға тыйым салу жағдайында жасырын есірткі бизнесі мен наркомафияны туғызады. Есірткілерді тарату мен нашақорлар кызметіне байланысты басқа да қылмыс түрлері көбеюде. Егер есірткілік заттарды тәуліктік кабылдауға нашақордың кажеттілігі аса жоғары болса, бұл жағдайда кезекті дозаға ақша табу үшін, нашақор кез келген қылмысқа баруы мүмкін.
Шымкент полицейлері есірткі заттарымен байланысты кез келген заңсыз іс-әрекет қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.Полицияның 102 арнасына Еңбекші ауданының тұрғындары есірткі қылмысы туралы хабарламамен жүгінді. Олар, өз кварталында есірткі орындарын іздеп жүрген жастарға шағымданды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бейтаныс жігіт пен қыз үлкендердің ескертуіне агрессиямен жауап берген.
Шақырту бойынша оқиға орнына жедел топ барды. Тыйым салынған заттардың бар-жоғын тексеру кезінде қыздың косметикалық сөмкесінен ұнтақ тәрізді заттар салынған 5 орама табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, бұл жалпы салмағы 6 граммға жуық «мефедрон» синтетикалық есірткісі екені расталды. Тергеушілер аталған жайтты Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі «аса ірі мөлшердегі психотроптық заттарды өткізу мақсатынсыз заңсыз иемдену және сақтау» бойынша тіркеді.
Өз жауабында ханым екі күн бұрын түнгі клубтан қайтып келе жатып, жолда кездейсоқ «ұнтақтың» алты дозасы бар пакетті тапқанын айтты. Оның біреуін досыммен бірге қолданып көріп, қалғанын косметикалық сөмкесіне тығып қойған. Тергеушілер барлық қажетті дәлелдемелерді жинап, қылмыстық істі сотқа жіберді. Ауыр қылмыс жасағаны үшін сот 31 жастағы Түркістан облысының тұрғынын үш жылға бас бостандығынан айырды.
Бұдан бөлек, Шымкент полицейлері үш жігіттің оғаш әрекетін бейнебақылау камералары арқылы түнгі уақытта кезекшілікте болған жедел басқару орталығының инспекторлары байқап қалды. Орта жастағы ер адам көліктің жүк салғышында пластикалық бөтелкеден түтік жасап, достарының арасында есірткі шөбін шеккен. ЖБО-ның хабарлауымен оқиға орнына барған полиция қызметкерлері көңіл көтерудің шырқын бұзды.