Шымкент

Айлакер келін күйеуінің қарт әкесінің телефоны арқылы интернет-банкингті жасырын пайдаланғаны белгілі болды

Бүгінгі таңда оңай олжа табамын деп орға жығылып жатқандар жетерлік. Ал аңқаулықпен алданып қалып жүргендер де жоқ емес. Бұл алаяқтардың айлакерлігінен және адамдардың ақпараттық сауатының аздығынан деген пайым жасауға болады. Қазіргі  «алдаркөселердің» көпшілігі интернеттің игілігі арқылы айласын іске асырып келеді. Сондықтан телефон тетігін абайлап басқан жөн.

Шымкентте келін қайын атасының атына несие рәсімдеп, ақшаны өзі иемденіп алған. Абай ауданының тұрғыны полицияға оның хабарынсыз несие рәсімделгені туралы арызбен жүгінді.

Ер адамның айтуынша, ол кезекті төлем туралы хабарлама келген кезде несие туралы кездейсоқ білген. Полицейлер бұл жайтты «Алаяқтық» бабы бойынша тіркеді. Тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтау үшін бірқатар жедел іс-шаралар жүргізді. Жәбірленушіден, оның отбасы мүшелерінен және әріптестерінен сұрақ-жауап алып, смартфонын көбіне қайда және қашан қалдырғанын, жеке деректерін кімге жария еткен-етпегенін, сондай-ақ ақша аударымдарын тексерді.

Нәтижесінде күдікті анықталды. Ол, жергілікті тұрғынның келіні болып шықты. Өзінің қулық-сұмдығы туралы қайын атасының біліп қойғанын байқап, Түркістан облысындағы туыстарына қашып кеткен. Полиция қызметкерлері оны мегаполиске жеткізді.

Айлакер келін күйеуінің қарт әкесінің телефоны арқылы интернет-банкингті жасырын пайдаланғаны белгілі болды.

«Бірнеше айдың ішінде әйел туысының атына жалпы сомасы 750 000 теңгеге тауар алу үшін 2 несие рәсімдеген. Оларды қолма-қол ақшаға айналдырып, қаражатты өз шотына аударып алған. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі таңда, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады», – деді Абай аудандық полиция басқармасының анықтаушысы Серік Жантаев.

Back to top button