Сот азаматты ұрлық, алаяқтық, тонау бойынша кінәлі деп таныды
Бөтеннің мүлкін шамамен 1,5 миллион теңгеге ұрлаған рецидивист ұры төрт жылға бас бостандығынан айырылды. 44 жастағы ер адам мейрамханаға келушілерден, техникалық байқау орталықтарының жұмысшыларынан, тіпті дүкен терезелерінен түрлі бағадағы ұялы телефондарын ұрлап кеткен. Бірде ол аурухананың емдеу бөлмесінен қуаттағыш құрылғысында тұрған телефонды жымқырып үлгерген.
Сұққолдының қылмыстық әрекетінен жеті адам зардап шеккен. Зардап шеккендердің бірінің айтуынша, қоғамдық автобуста одан қоңырау шалу үшін телефонын сұрап, бірінші аялдамада гаджетімен автобустан түсіп, қашып кеткен. Тағы бір арызданушы ұрының смартфондардан бөлек, жеке гигиеналық заттарды ұрлап та ақша табуды көздегенін жеткізді. Ол супермаркеттен құны 100 мың теңгеден асатын ұстараларды қолды еткен.
«Абай ауданы Полиция басқармасымен ҚР ҚК-нің «ұрлық», «алаяқтық» және «тонау» баптары бойынша тіркелді. Жедел уәкілдер Полиция департаментінің Жедел басқару орталығындағы бейнебақылау камераларының көмегімен күдіктіні анықтап, ұстады» – деп бөлісті тергеуші Нұржігіт Айдаров.
Анықталғандай, ер адам бұрын да осыған ұқсас қылмыстар үшін бірнеше рет сотты болған. Тергеушілер барлық қажетті дәлелдемелерді жинап, қылмыстық іс материалдарын сотқа жолдады. Сот азаматты ұрлық, алаяқтық, тонау бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырды.
Бұдан бөлек, Абай ауданының тұрғыны полицияға оның хабарынсыз несие рәсімделгені туралы арызбен жүгінді. Ер адамның айтуынша, ол кезекті төлем туралы хабарлама келген кезде несие туралы кездейсоқ білген. Полицейлер бұл жайтты «Алаяқтық» бабы бойынша тіркеді. Тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтау үшін бірқатар жедел іс-шаралар жүргізді. Жәбірленушіден, оның отбасы мүшелерінен және әріптестерінен сұрақ-жауап алып, смартфонын көбіне қайда және қашан қалдырғанын, жеке деректерін кімге жария еткен-етпегенін, сондай-ақ ақша аударымдарын тексерді.
Нәтижесінде күдікті анықталды. Ол, жергілікті тұрғынның келіні болып шықты. Өзінің қулық-сұмдығы туралы қайын атасының біліп қойғанын байқап, Түркістан облысындағы туыстарына қашып кеткен. Полиция қызметкерлері оны мегаполиске жеткізді.