Шымкентте жалған террорист ұсталды
Терроризм – татулық пен бейбітшілікті негіз еткен мемлекетті күйретуге ықпал ететін бірден-бір жаһандық мәселе. Қазіргі таңда экстремизм мен терроризм адамзатқа төнетін шынайы қауіпке айналған.
Шымкенттегі дүкендердің біріне “бомба” қойылғаны жайлы хабарлаған террорист ұсталды. Полиция департаментінің “102” арнасына белгісіз біреуден қаладағы дүкендердің біріне бомба қойылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобы, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы барып, тәртіп сақшылары сауда нүктесіне келушілерді эвакуациялап, аумақты қоршауға алған.
Ғимаратты және оған іргелес аумақты тексеру кезінде ешқандай жарылғыш заттар табылмады. Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша тіркеді. Сол күні жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтежесінде экстремизмге қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері қоңырау шалушыны анықтады. Алайда, 28 жастағы азамат өз кінәсін мойындамаған.
Тергеу барысында күдіктіні дауыс арқылы анықтау үшін екі рет фоноскопиялық сараптама жүргізілді. Сарапшылардың қорытындысы ер адамның қылмысқа қатысы барын растады. Күдікті процессуалдық тәртіпте қамауға алынды. Қылмыстық іс бойынша жинақталған іс-құжаттар сотқа жолдау үшін әзірленуде.
Полицейлер дайындалып жатқан терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау 5000 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға алып келетінін ескертеді.
Қазақстан Республикасының Заңындағы түсіндірілім бойынша, терроризм – күш қолдану идеологиясы арқылы халықты үрейлендіріп, жеке адамға, қоғам мен мемлекетке күш қолдану. Немесе өзге де қылмыстық әрекеттерді жасау немесе жасаймын деп үрейлендіру арқылы мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарының немесе халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына әсер ету тәжірибесі.