Бадам өзенінің және Ақжар су қоймасының бойында шомылуға тыйым салынғандығы туралы 7 арнайы тақтайша орнатылды
Тұран ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы су айдындарында жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша жұмыстарын жалғастыруда. Басқарма Мамандырылған жасақ қызметкерлерімен бірлесе отырып аудан аумағында орналасқан Бадам өзенінің және Ақжар су қоймасының бойында шомылуға тыйым салынғандығы туралы 7 арнайы тақтайшаларын орнатып тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелері бойынша үгіт насихат жұмыстары жүргізді.
Сондай-ақ, Еңбекші ауданының Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері аудан аумағындағы бассейн аймағы бар нысандарды аралап, балаларға суда жүзу кезіндегі қауіпсіздік және жазатайым оқиға орын алған сәтте алғашқы көмек көрсету ережелерін кеңінен түсіндірді.
“Ыстық күні суға түсу қауіпті, бұл жүректің тоқтауына және естен тану қаупіне әкелуі мүмкін. Балалар немесе ересектердің су астында қарсылас ретінде аяғынан ұстап тартып, ойын ойнау бұл өте қауіпті. Шын мәнінде оқыс оқиғаға орын алуы мүмкін. Ал ешқандай қауіп-қатер туындамаса, жалған дабыл көтеріп, суға батып бара жатқандай көрініс жасаудың қажеті жоқ. Себебі шын қауіп туындаған кезде сізге сенбей қалуы мүмкін. Бұл ережелерді суға шомылушы әрбір бала білуі тиіс”, – дейді аудандық төтенше жағдайлар басқармасы өкілдері.
Еске сала кетейік, аудан және аудандық төтенше жағдайлар басқармасы тарапынан шомылу маусымы кезеңіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Айта кетейік, Шымкент қаласындағы су айдындарынан бактериологиялық зерттеуге сынама алынды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі жазғы кезеңде қала аумағындағы шомылу және демалу орындардағы жүзу бассейндері мен ашық су қоймалары суының сапасына және орталықтанған су құбырынан алынатын жүзу бассейндерінен зертханалық зерттеулерге сынама алумен мониторинг жүргізеді. Осы ретте маусымдық шомылу кезеңінің басталуына байланысты түрлі инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында мониторинг бойынша осы жылдың маусым айында су айдындарындағы судың сапасына бактериологиялық зерттеулер жүргізу үшін 13 сынама, санитариялық-химиялық зерттеулер үшін 9 сынама, тырысқақ ауруына 84 су сынамасы алынды. Сынама алынған орындардың барлығы санитариялық нормаларға сай келеді.