Шымкент

ТЖ қызметкері 7 жасар баланы құтқарды

ТЖ қызметкері 7 жасар баланы құтқарды. Оқиға Бадам өзенінде орын алды, онда Тұран ауданы ТЖ басқармасының қызметкерлері судағы қауіпсіздік бойынша рейдтік іс-шаралар өткізді.

Жеті жасар бала ата-анасының қарауынсыз, балалар тобымен бірге Бадам өзеніндегі каскадты тірек құрылымының жоғарғы бөлігінде шомылды. Бұл жерде шомылуға тыйым салынған және өмірге қауіп төндіреді. Қала әкімінің қаулысына сәйкес шомылуға тыйым салынған 13 орын анықталды. Бадам өзені осындай орындардың бірі, оның бойында тыйым салу белгілері бар.

Баланың аяғы тайып кетіп, тіреуіштің түбіне құлап, шыға алмады. Тұран ауданы ТЖ басқармасының қызметкері азаматтық қорғау капитаны Рауан Ордабек рейд барысында оны дер кезінде көріп, қайсарлық танытып, қауіпсіз жерге арқалап шығарды. Балаға медициналық көмек қажет емес еді.

Құтқарушы мамандығы оңай емес. Мұнда болаттай мінез, батылдық пен ержүректік қажет. Құтқарушы тек мамандық емес, бұл өз ісіне деген ықылас. Рауан Ордабек бұған сенімді, ол бірнеше адам өмірін сақтап қалған нағыз батыл, ержүрек маман.

Тұран ауданы ТЖ басқармасының қызметкерлері Бадам өзенінің бойында рейдтерді тұрақты жалғастыруда. Шомылу маусымының барлық кезеңінде 60 рейд өткізілді. Нәтижесінде полиция қызметкерлерімен бірлескен рейдтер кезінде Тұран ауданы бойынша әкімшілік жауапкершілікке 8 адам тартылды.

Айта кетейік, Биыл суда жаппай демалу, туризм және спорт үшін қала аумағында 5 орын бекітілген. Ал оның тек үшеуінде ғана  суға түсуге рұқсат етілген. «Қазіргі таңда қала әкімінің қаулысымен суда жаппай демалу, туризм және спорт үшін қала аумағында 5 ресми орын бекітілген. Оның ішінде 3 орында шомылуға рұқсат етілген. Олар: Бадам су қоймасындағы Рахат-Бадам, Тоғыс су қоймасындағы «Холодильник» демалыс орны, сонымен қатар, Қошқар Ата өзенінің бастауы. Қала аумағындағы барлық аквасаябақтар шомылу маусымында жұмыс атқарды.

Сонымен қатар, судағы қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша аудан аумағында орналасқан білім беру нысандарын, елді мекеннің орам басшыларын қамти отырып, үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Сонымен қатар, Еңбекші ауданы бойынша «Сауран», «Рахат Бадам», «Холодильник» демалыс орындарының иелерімен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының балаларын тегін шомылдыру бойынша меморандум жасақталуда.

Back to top button