Жұмыскерлердің еңбек құқықтары түсіндірілді
Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы тарапынан қала аумағындағы еңбек ұжымдарында еңбек қатынастары және еңбек қауіпсіздігі бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, жыл басынан бері еңбек заңнамасын кеңінен насихаттау және ірі, орта кәсіпорындардың еңбек ұжымдарындағы ахуалды мониторингтеу мақсатында 59 кәсіпорындар мен ұйымдарда арнайы семинар-кеңестер ұйымдастырылып, жұмыскерлердің еңбек құқықтары түсіндірілді.
Бүгін де «Алаш» базары жанындағы жолаушылар өткелін салып жатқан «Респект-Қазығұрт» ЖШС жұмыскерлерімен арнайы кездесу өткізіліп, құрылысшыларға өздерінің еңбек құқықтары жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы басқарма тарапынан 2 рет брифинг, 4 рет БАҚ-та арнайы сұхбаттар берілді, 68 әлеуметтік желідегі ресми парақшаларға арнайы материалдар орналастырылды.
«Жыл басынан бері қалалық Еңбек инспекциясы азаматтардан түскен 730 өтінішті қарады. Нәтижесінде 114 тексеру жүргізіліп, 167 бұзушылық анықталды. Оның ішінде еңбек қатынастары бойынша – 145, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 22 жағдай бар». Бұл туралы брифингте Шымкент қаласының Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Б. Қалжанов мәлімдеді.
Брифинг барысында еңбек заңнамасының, ұжымдық-шарттық қатынастардың сақталуы, өндірістік қауіпсіздік жайлы баяндалды.
— Жалақының уақтылы төленуі бойынша 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін мемлекеттік еңбек инспекторларының араласуымен 1024 жұмыскердің құқығы қорғалып, 42 кәсіпорындағы 945 жұмыскердің 454,3 млн.теңге көлеміндегі жалақы қарызы өтелді. Қазіргі уақытта 2 кәсіпорынның 72 қызметкеріне берешек 8.5 млн теңгені құрайтын жалақыны өндіру бойынша жұмыс жүргізілуде, – деді Бауыржан Ахметәліұлы.
Б.Қалжановтың айтуынша, жыл басынан қала аумағында 13 жазатайым оқиға орын алып, 15 адам зардап шеккен. Салдарынан 4 жұмысшы қайтыс болып, 10 азамат ауыр жарақат алған. Бүгінде тергеп-тексеру материалдары қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданып отыр.