Сыбайлас жемқорлық- қоғам дерті
Аудан әкімі аппаратында жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстарының қорытындысымен анықталған тәуекелдерді және оларды жою жөніндегі ұсынымдарды жария талқылау өткізілді.
Жария талқылауға, ішкі талдауды жүргізген аудан әкімінің өкімімен құрылған жұмыс тобы және Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Жанысбек Өтеген қатысты.
Жиын барысында жүргізіліп жатқан іс-шараның маңыздылығы, сыбайлас жемқорлыққа әсерін тигізетін өзекті мәселелерді шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға пікірлер мен ұсыныстар айтылды.
Жалпы жұмыс тобы мүшелері мен қатысушылар анықталған тәуекелдер бойынша ұсыныстарды өзектендіріп, бірқатар ұсынымдар енгізді.
Кез келген дамыған ел үшін сыбайлас жемқорлықпен күресу – өзекті мәселе. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та «Сыбайлас жемқорлықпен қарсы күрес – еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі. Бұл – менің берік ұстанымым және сайлауалды бағдарламада халыққа берген уәдем. Осы жұмыста ешқандай көзбояушылыққа, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол берілмеу тиіс. Талап қатаң болады. Былтырғы жиында біз нақты іс-қимыл жоспарын айқындадық. Бүгінде бірқатар мақсатты жүзеге асырдық» дей келе жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жою үшін нақты тапсырма мен міндеттерді айтты. Ендігі кезекте әр азамат елдің ертеңі үшін, жас ұрпақтың келешегі үшін сыбайлас жемқорлықпен күресе білу керек. Әсіресе, қарапайым халық «бармақ басты, көз қыстыға» бетпе-бет келеді. Сол себепті кез келген орта пара беру мен пара алудың ар алдында сүйекке таңба, заң алдында орны толмас қылмыс екенін білсе игі. Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді. Беделімізді өз қолымызбен бұзбай, абыройымызды аяқасты таптамай, тұрақты даму жолындағы мемлекетіміздің адал перзенті болу парызымыз деп білейік.