Шымкент

Шымкенттік нәзік жандылар әйел құқығы жайлы ойын ортаға салды

Елімізде жүргізіліп жатқан гендерлік саясат – әйелдерді ерлермен тең дәрежеде билікке тарту, ана мен балаға айрықша әлеуметтік жағдай жасау, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу сияқты мәселелерді шешу болып табылады. Осыған орай, Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы және Салауатты өмір салтын қалыптастыру мамандары «Ана – әлемнің бар асылы» атты іс-шарасын ұйымдастырды. Қаладағы №12 емханада өткен жиында Сайрам тұрғын алабының 35 жасқа дейінгі нәзік жандылары мен медицина қызметкерлері бас қосты.

– Шалғай аймақта тұратын аналармен байланыс орнатып, кездесу ұйымдастырудамыз. Іс-шараның мақсаты – еңбекші әйелдердің жағдайын, олардың құқықтары мен мансаптық өсу, кәсіби дайындық мүмкіндіктерін нығайту, сондай-ақ, отбасы мен жұмыс арасындағы үйлесімді тепе-теңдікті сақтау. Аталған жоба алдағы уақытта шалғайда орналасқан емханаларда тұрғындармен бірлесіп өтетін болады, – дейді Салауатты өмір салтын қалыптастыру мамандарының ассоциациясының маманы Айжан Молдабаева.

Еркін форматта өткен кездесуде әйелдер түрлі сұрақтар қойып, мамандардан жауап алды.

Бүгінгі таңда гендерлік саясат туралы пікірлер қоғам арасында түрлі пікірлер қалыптастырған. Ал негізінен қазақ халқы, әйел баласының орнын ерекше айқындап, қамқорлықтың сан қилы статегиясын қалыптастырған. Қазіргі ел ішінде жүргізіліп жатқан гендерлік саясат әйел баласына айрықша әлеуметтік жағдай жасап, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерді шешудің бастапқы қадамдарының бірі деп атап өтсе болады.
Дүние жүзінде мемлекеттік шешімдер дайындау мен қабылдау ісіне әйел өкілдерінің қатысуы қоғам дамуының көрсеткіші болып саналады. Билік құрылымдарында әйелдер саны 30-40 % жеткен жерлерде қоғам тұрақты және әлеуметтік бағыттанушылық қалыпта дамиды.

Әйелдердің білім деңгейінің анағұрлым жоғары болуы, әйелдердің саясатқа қатысуы еркектермен лайықты бәсекелестікті құрап, елдегі істің жағдайының жақсаруына ықпал етуі, әйелдер әлдеқайда тындырымды, ұқыпты, тіл табысқыш, адамдарға үлкен ынтамен қарауға және қамқорлық жасауға бейім келеді. Сондықтанда, әйел азаматтарының билік басында жүруі керісінше, еліміздің дамуына одан да жоғары септігін тигізері анық.

Back to top button