Қоғамдық қордың иесі құқықбұзушылыққа немқұрайлық танытпаған тәртіп сақшыларына алғыс білдірді
Шымкентте садақа жәшігінен ақша ұрлаған ер адам ұсталды. Қаратау АПБ-ның «102» арнасына жергілікті тұрғын хабарласып, белгісіз тұлғаны ұрлық үстінде ұстағанын айтты.
Шақырту орнына дереу жедел-тергеу тобының қызметкерлері барды. Белгілі болғандай, ер адам қаладағы ірі сауда нүктелерінің бірінде орналасқан қайырымдылық жәшігінен 20 мың теңгеге жуық ақша ұрлағаны анықталды.
Күдіктінің оғаш қылығын байқаған куәгерлер, оқиғаға бей-жай қарамай дер кезінде оны ұстаған. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-не тіркеді.
« Жергілікті тұрғын бұған дейін есірткі қылмысы үшін сотты болған. Қазіргі таңда жұмыссыз. Оған қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Ұрланған қаражат қайырымдылық қорының иесіне қайтарылды. Жақын арада жинақталған іс-құжаттар айыптау актісімен бірге сотқа жіберіледі», – дейді Қаратау АПБ-ның анықтаушысы Дастан Ахмет.
Өз кезегінде, қоғамдық қордың иесі құқықбұзушылыққа немқұрайлық танытпаған азаматтарға және тәртіп сақшыларына алғыс білдірді.
Бұдан бөлек, Шымкентте көлік терезесін күңгірттеген 500-ден астам жүргізуші жауапқа тартылды. Патрульдік полиция полкінің қызметкерлерімен жол үстіндегі құқық бұзушылықтарды болдырмау және оны дер кезінде анықтау мақсатында мегаполис жолдарында үздіксіз рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде соңғы бір айда көлік терезесін күңгірттеген 522 тізгіндеуші жауапкершілікке тартылды. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 5 бөлігі (Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ, дер кезінде автокөлік иелерімен әйнектегі күңгірттеу қағазын алып тастау жұмыстары жүргізілді.
Естеріңізге сала кетейік, техникалық регламенттердің, ұлттық стандарттардың талаптарына сай келмейтiн, сондай-ақ, көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын ақаулар мен жағдайлары бар көлiк құралдарын басқару 5 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерге терезенің жарық өткізу талаптарын қатаң сақтауды ескертеді. Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелерін мұқият сақтап, жолда абай болуға шақырады.