Орталықта 500-ден аса пациентке жаңа терапияны қолданады
Шымкенттік дәрігерлер ВИЧ-инфекциясын жұқтырмаудың жаңа әдісін қолдануда. Жаңа әдіспен дәрігерлер қауіпті топтағы азаматтарға профилактикалық емін жасап, аурудың алдын алуда.
ВИЧ-инфекциясын жұқтырмау үшін қазір емдеу мекемелерінде жанасуға дейінгі профилактика қолданылады. Бұл дегеніміз – АИТВ инфекциясын жұқтыру қаупі бар сау адамның арнайы вирусқа қарсы препараттарды қабылдау арқылы инфекцияға қарсы тұру әдісі. Бүгінге дейін Шымкенттегі ЖИТС орталығында 100-ден аса адам аталған терапияны қабылдаған.
Шымкент қаласы ЖИТС орталығының бас дәрігерінің орынбасары Қожахмет Маширов:
–ДДҰ жүргізген нәтижелерде осы профилактика әдісі қолданылып, жұқтыру нәтижелері тіркелмеген. Шымкенттегі ЖИТС орталығында бұл әдіс 2021 жылы енгізілді. Бүгінге дейін профилактика енгізілген науқастардың арасында АИТВ жұқтыру жағдайлары тіркелмеген. Бұл қатынасқа дейінгі профилактикалық ең алдымен жұқтыру қаупі басым топтарға жасалады. Олар күйеуі немесе әйелінде ВИЧ инфекциясы бар жұптың серігіне, есірткі қолданатындарға, секс қызметкерлеріне, бейберекет жүретіндерге және еркекпен жыныстық қатынасқа түсетіндерге қолданылады, – дейді .
Шымкентте 42 жастағы Никита өзінің қауіпсіздігі үшін ЖИТС орталығына келіп, ем алып жүр. Себебі оның сүйіктісі ВИЧ инфекциясына шалдыққан. Төсектегі серігінен қауіпті инфекцияны жұқтырмас үшін Никита тұрақты түрде жанасуға дейінгі терапия емін алып келеді.
«Мен екі жылдан бері осы терапияны қолданып келемін. Себебі төсектегі жұбымда ВИЧ инфекциясы оң нәтиже берген. Өзімді қорғау үшін осы әдісті қолданамын. Кез келген аурудың алдын алған дұрыс. Сондықтан мен де өзімді ВИЧ-тен қорғағым келеді»,-дейді қала тұрғыны.
Айта кетейік, Шымкенттегі ЖИТС орталығында қауіпті топтағы азаматтарға жанасуға дейінгі профилактика тегін жасалады. Биыл орталық дәрігерлері 500-ден астам пациентке аталған терапияны жүргізуді жоспарлауда. Мамандардың сөзінше, жанасуға дейінгі терапия ВИЧ-инфекциясын алдын алуда оң нәтиже беріп, инфекцияға шалдықандардың санын азайтуға көмегін тигізуде.