Есірткі заттары бейнеленген тұрмыстық бұйымдарды сатқандарға заң аясында шара көріледі
Есірткі — бұл қоғамды улаған індет. Аса улы деп танылған осы аты жаман заттың зардабы өте көп. Ол әсіресе жас жеткіншектердің өміріне балта шабады. Шымкентте бұл бағытта жауапты мекемелердің бірлесе әрекет етуімен түрлі іс-шаралар жүргізіліп келеді.
Қалалық Жастар ресурстық орталығының Аутрич және NEET жастармен жұмыс бөлімі, Қаратау ауданы әкім аппараты қызметкері мен Шымкент ҚПД Қаратау АПБ ЖПқБ УПИ полиция өкілдерінің қатысуымен «Diamond Рlaza» сауда орталығында есірткі заттарын насихаттау мен жарнамалаудың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Жауапты мамандар жеке кәсіпкерлерге адамның санасына кері әсер ететін, есірткі заттарына қызығушылығын қалыптастыратын немесе оларды қолдайтын бейнелер мен жазулары бар заттарды сатуға тыйым салынғанын ескертті. Сондай-ақ, сатушылар мен сауда иелеріне ашық түрде есірткі заттары бейнеленген киім-кешектерді, тұрмыстық бұйымдарды сатқаны үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылғаны жөнінде жеткізді.
Айта кетейік, бұндай әрекет ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 423-бабында көрсетілгендей (Есірткі, психотроптық заттарды және сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) жауапкершілікке тартылады.
Жастардың арасында есірткіге әуестік көп ретте білместіктен басталады. Жасөспірімдер қоршаған ортасының кері әсеріне иланғыш келеді. Олар жас болғандықтан қоршаған ортаның әр сипатты әрекетіне адам ойына келмейтін жауап кайтарады. Өз іс-әрекетінің салдарын дұрыс болжамау, жеңілтектік, жан-дүние, мінез-құлық пен дүниетанымның толық калыптаспағандығы, иланғыштық, кері әсерге еліктеушілік алғаш рет спирт ішімдіктері мен есірткінің дәмін көруді тудыратын себептер. Жасөспірімдер өздерінің ержүректігін, дербестігін танытуға болатын топтар мен ұйымдарға бірігеді. Мұндай топтар үй жақта, би алаңдарында, мектепте де ұйымдасады және топ ішінде алғашқы «тексерістер» болып өтеді. Топтық психология, еліктеушілік, ермелік топ ішінде біреуі есірткі немесе шарап дәмін татқан болса, уақыт өткен соң топтың барлық мүшелері есірткі мен алкогольге әуестенуге соқтырады.