Астана әкімдігі тәжік жәрмеңкесіндегі тәртіпсіздікке қатысты пікір білдірді
Елорда әкімдігі Астанадағы Тәжікстанның жеміс-жидек көрмесінде болған оқиғаға қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев көрмеге Тәжікстанның Соғды облысының 300-ден астам ауыл шаруашылығы кәсіпорнынан 1 мың тоннадан астам өнім әкелінгенін айтты.
«Адамдардың жеткізілген тауарларды талап алып кетуіне байланысты айтсақ, біздің әріптестеріміз, тәжік достарымыз өнімдер күн астында бекерге шіріп кетпес үшін оларды алып кетуге өздері рұқсат берді. Оның үстіне, астаналықтар үшін қарбыз – таңсық тауар. Бүгінде бізге Тәжікстаннан қарбыз әкелінбейді, өйткені тасымалдау құны өте қымбатқа шығады. Сондықтан да тұрғындар Тәжікстаннан келген тәтті қауын-қарбыздан ауыз тиюге қызығушылық танытты. Қауын-қарбыз расымен де өте дәмді екен, өзім дәмін татып көрдім. Сондықтан жұрт тәжік достарымыз әкелген ерекше дәмнен ауыз тигісі келген шығар», – деді Мақсат Жаңабаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Осылай деген ол жүзім мұнарасының басына жергілікті тұрғындар емес, іс-шараны ұйымдастырған азаматтар шыққанын айтты.
«Жалпы, іс-шара жақсы өтті. Ешқандай жанжал болған жоқ. Тәжікстан тарапы екі күнде 1000 тонна өнім сатты. Бір бөлігін ақшаға берсе, кейбірін өздері ерікті түрде халыққа тегін таратты. Жүзім мұнарасының басына өрмелеп шыққандар – Тәжікстаннан келген қонақтарымыз. Сол пирамиданы жасаған фермерлер қауіпсіздік мақсатында өздері жемісті таратып тұрды», – деді спикер.
Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде тараған видеода көрмеге келген астаналықтардың жемісті талан-таражға салған әрекеті барша жұрттың жағасын ұстатқан еді.
Қала әкімдігі Тәжікстанның ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп өнімдері, қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдарының көрме-жәрмеңкесіне екі күн ішінде 100 мыңнан астам адам келгенін хабарлады. Екі ел басшылары қатысқан аталған шара Тәжікстанның Қазақстандағы мәдениет күндері аясында өткен болатын.