Алматы метросын салу кезінде 5 млрд теңге жымқырғандардың ісі сотқа жетті
«Метрополитен» КМК бұрынғы басшылығы, сондай-ақ мердігер ұйымдар – «Алматыметроқұрылыс» АҚ және «Автоматтандыру және технологиялар сервисі» ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты істі тергеу аяқталды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы және 216-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Күдіктілер Алматыдағы метрополитенінің жаңа желісін салу кезінде ауқымды басқару функциясына ие болған. Дәл осы өкілеттіктерді пайдаланып, олар 5 млрд теңгені жымқырған.
“Ол үшін күдіктілер жалған баға ұсыныстарын жинақтап, солардың негізінде құны 10 есе жоғары болатын құрал-жабдықтарды сатып алуға смета жасады. Кейіннен жымқырылған қаражатты «жалған кәсіпорындар» арқылы қолма-қолға айналдырды. Жымқырған ақшаны қайтару үшін үш қымбат пәтерге, Алматы қаласындағы бір кеңсеге, Алматы облысындағы жер учаскесіне, люкс автокөліктеріне, брендтік сағаттарға және күдіктілердің басқа да бірқатар активтеріне тыйым салынды”, – делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда қылмыстық іс сотқа жолданған.
Еске салайық, 2022 жылдың шілдесінде «АлматыМетрода» ұрлық пен пара алу фактілері бойынша тергеу жүріп жатқаны хабарланған болатын. Содан кейін аудиторлық тексерулер жалпы сомасы 120,9 млрд теңге болатын бұзушылықтарды анықтады. Осы жылдың ақпан айында метрополитенде қосымша жылжымалы құрам іске қосылатыны белгілі болды.