Ақмола облысындағы ауыл карантинге жабылды
Ақмола облысының Үшқарасу ауылында екі апталық карантин жарияланады, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі облыстық Ветеринария басқармасына сілтеме жасап.
28 тамызда Ақмола облысы бойынша СЭС департаментінен Жарқайың ауданында ЖШС жұмыскерлерінде «сібір жарасы» ауруына күдіктену оқиғалары тіркелгені туралы хабараландыру түскен.
Директордың айтуынша, ЖШС-ға тиесілі 32 бас ірі қара өлген. Қырылған мал жойылды. Комиссиямен ет тәркіленді.
Есіл аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне 12 адам жатқызылды. Сондай-ақ, байланыста болған 22 адам анықталды, олар Жарқайың орталық аудандық ауруханасының медицина қызметкерлерінің бақылауында. Клиникалық көрінісі бойынша «сібір жарасы» диагнозы қойылды. Науқастар клиникалық хаттамаға сәйкес ем алады, детоксикация терапиясы, антибиотикалық терапия жүргізіліп жатыр.
Санитариялық қызметпен эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізіліп жатыр. Аудандық бас санитариялық дәрігерінің Қаулысына сәйкес байланыста болған адамдарға медициналық бақылау белгіленді.
Барлық тексерілген орталықта қорытынды дезинфекция жүргізілді.
Оқиға орнында СЭС, денсаулық сақтау, ветеринариялық бақылау комитетінің аумақтық инспекциясы және ветеринарлық басқарма қызметкерлерінен құралған жұмыс тобы жұмыс істеп жатыр.
Ертең Үшқарасу ауылының аумағында карантин жарияланады. Жұқтыру ошағын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үшқарасу ауылындағы аудандық ішкі істер бөлімінде ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды шектеу туралы жазбалар ілінді. Ауылға кіре берісте (шыға берісте) полиция жасақтары қойылып, кіретін-шығатын көліктер мен тұрғындар есепке алынып жатыр.