BasNewsЖаңалықтар

АШМ облыс әкімдіктеріне ірі азық дайындауды жандандыруды тапсырды

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің төрағалығымен жемшөппен қамтамасыз ету және жедел әрекет етуді үйлестіру жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі BasAgro.kz сайтына сілтеме жасай отырып.

Жергілікті атқарушы органдардың жедел деректеріне сәйкес республика бойынша шөп дайындау 20,7 млн тоннаны немесе жоспарланған көлемнің 82,7%-н құрады.

Шөп қоры бойынша көшбасшылар Түркістан (100,9%), Қостанай (100,0%), Жамбыл (97,2%), Солтүстік Қазақстан (93,1%) және Ақмола (92,7%) облыстары болып табылады.

Республикалық деңгейден едәуір төмен көрсеткіштер Павлодар (38,1%), Шығыс Қазақстан (57,2%), Атырау (57,9%), Батыс Қазақстан (58,8%) және Абай облыстарында сақталып отыр.

Вице-министр Алматы, Атырау, Қарағанды, Павлодар және Ұлытау облыстары әкімдіктерінің жыл басынан бері жемшөп дайындауды субсидиялауға қарастырылған 11,7 млрд теңге субсидия көлеміне қосымша 10,1 млрд теңге бөлетінін хабарлады.

Облыс әкімдіктеріне қыстайтын жерлерге жем дайындау және тасымалдау жұмыстарын жандандыруды, сондай-ақ, жеке қосалқы шаруашылықтарды азықпен қамтамасыз етуді бақылауда ұстау, бұл ретте бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

Сонымен қатар, фермерлерді жемшөп дайындау жұмыстары кезінде жеңілдікті дизель отынымен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Ұлытау облысының әкімдігіне жем дайындауға бөлінген арзандатылған дизель отынының көлемін төлеу және іріктеу жөнінде қажетті шаралар қабылдау жүктелді.

Бұрын берілген тапсырмаларды ескере отырып, Павлодар облысының әкімдігі Солтүстік Қазақстан облысымен жасалған меморандум шеңберінде сабан мен жем дайындау жұмыстарын жандандыруы қажет.

Мал шаруашылығы саласының тұрақтылығын сақтау мақсатында осы мәселеге жауапкершілікпен қарау тапсырылды.

Back to top button