Елімізде 11 жекеменшік жылу орталығы мемлекетке қайтарылуы мүмкін
ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның отырысында 11 жекеменшік жылу электр орталығы қызметін тексеру қорытындысы қаралды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
ҚР үкіметі баспасөз қызметінің мәліметінше, прокуратура органдары 11 жекеменшік ЖЭО-да жылу-энергетика және табиғи монополиялар саласындағы заңнаманың сақталуына тексеру жүргізді. Тексеру барысында кейбір нысанда жүйелі кемшіліктер мен заң бұзушылықтар анықталды. Әр станцияда қондырғылардың әбден тозығы шыққан, бұл жылу беру маусымында апаттарға әкелуі мүмкін.
«Талқылау қорытындысы бойынша уәкілетті органдарға станцияларда күрделі жөндеу мен модернизациялауды қамтамасыз ету бойынша меншік иелерімен жұмыс жасау тапсырылды. Үкімет басшысы 2023-2024 жылдарға арналған нақты жұмыс кестесін белгілеп, оның орындалуын бақылауды талап етті. Міндеттемелер бұзылған жағдайда станцияларды мемлекет меншігіне қайтару шаралары қабылданатын болады», – делінген хабарламада.
«Әлихан Смайылов уәкiлеттi ведомстволарға осы активтердi ҚР заңнамасының талаптарына сай мемлекет меншiгiне қайтару мәселесiн жедел пысықтауды тапсырды», – деп мәлімдеді премьер-министірдің баспасөз қызметі.