Білікті заңгер, әділ төреші және талапшыл басшы – Низамиддин Жамашов
Қалалық, аудандық және мамандандырылған соттардың төрағалары мен судьяларының қатысуымен, Шымкент қалалық сотының судьясы Низамиддин Жамашовты зейнеткерлікке шығарып салу рәсімі өтті.
Жиынды Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Мұқажанұлы ашып, «Құрметті, Низамиддин Қазыбайұлы! Сізді Шымкент қаласының судьялар қауымдастығы атынан 63 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Саналы ғұмырыңызды заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында қиындығы мен жауапкершілігі мол сот саласына арнап, ұзақ жылдар бойы сот төрелігін жүзеге асырып, судья қызметін абыроймен атқарып, өзіңізді білікті заңгер, әділ төреші және талапшыл басшы ретінде таныта білдіңіз.
Заң саласындағы еңбек жолыңызды 1987 жылы Жезқазған қаласы халық сотының машықтанушысы қызметінен бастап, 1988-2023 жылдар аралығында Атырау облысы Мақат аудандық халық сотының судьясы, Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс аудандық халық сотының төрағасы, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы, Мақтарал ауданының №2 аудандық сотының төрағасы, Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық және Еңбекші аудандық сотының төрағасы, Тараз қаласы №2 сотының төрағасы, ал 2021 жылдан бері Шымкент қалалық сотының судьясы қызметін абыроймен атқарып келесіз.
Еселі еңбегіңіз ескерусіз қалмай «Мінсіз қызметі үшін», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медальдарын, «Сот жүйесіне 30 жыл» мерекелік медальін және «Үш би» құрмет белгісін, тағы басқа да мараппаттарды иелендіңіз.
Сізді сот қауымдастығы атынан мерейтойыңызбен құттықтап, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық және баянды ғұмыр тілей отырып, әрдайым абырой биігінен көріне беруіңізге тілектестігімді білдіремін» – деді.
Жиын барысында ұжым атынан Н.Жамашовқа шапан жауып, сый-сияпат тапсырып, құрмет көрсетті.
Содан кейін бірге қызмет істеген әріптестері қалалық соттың алқа төрағасы Б.Дүйсебеков, судья А.Чокморова, Л.Тәкішева және Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы М.Майсақанов мерейтой иесіне зор денсаулық пен отбасына жақсы тілектерін айтып, жылы лебіздерін білдірді.