Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасын Шымкент қаласында іске асыру жолындағы аралық нәтижелер
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасын Шымкент қаласында іске асыру жолындағы аралық нәтижелер туралы» баспасөз конференциясы өтті.
Баспасөз жиынында Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жұмабаев Жандос Сағындықұлы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл еліміздегі мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарының бірі екендігін атап өтті.
– Жүйелі мәселелерді шешу мақсатында Агенттік еліміздің әрбір өңірі үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің арнайы карталарын әзірлеген. Жыл басынан жер, білім салаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіліп, 65 ұсыным енгізілді, оның 49 орындалды. Қазіргі таңда құрылыс саласында талдау жұмыстары жүргізілуде.
«Республикалық маңызы бар қала» мәртебесі берілген сәттен бастап әкімдік тарапынан ауданы 850 гектарды құрайтын 1 мыңнан астам жер учаскесі берілсе, оның тек 1 пайызы ғана сауда-саттық арқылы берілген.
Жер беру тәсілі туралы шешімді әкімдік дербес қабылдайды, берілген жер учаскелерін есепке алу жүргізілмейді. Берілген жерлердің жалпы санын нақты анықтау мүмкін емес. Осы мәселені «қолмен» өзгерту тәсілі көрсетілген сегменттегі ақпараттың дұрыстығын толық көлемде қамтамасыз етпейді. Халық пен бизнес үшін бос жерлер туралы ақпарат қолжетімсіз.
Өздеріңізге белгілі, Агенттікпен кәсіпкерлікті қорғауға және қолдауға бағытталған «Бизнеске жол» жобасы жүзеге асырылуда.
Әкімдік басшылығының және басқа да уәкілетті органдардың көмегімен 1300-ден астам кәсіпкердің құқығын қалпына келтіруге мүмкіндік туып, 30 мәселе оң шешімін тапты.
Кәсіпкерлердің жұмысына заңсыз араласқаны үшін 7 лауазымды тұлға түрлі жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде, 5 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылса, 2 лауазымды тұлға әкімшілік айыппұл төледі. Жедел-тергеу бағыты бойынша 16 шағын және орта бизнес субъектісінің құқықтары қорғалды.Департамент мүдделі мемлекеттік органдармен кездесу өткізіп, нәтижесінде кәсіпкерге алынған жер үшін 128 млн. теңге төленді.