Еңбек дауларын жеңілдетілген тәртіппен шешу туралы
Конституция еліміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын бекіткен. Сондықтан, негізгі заңымыздың 24-ші бабымен әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға, әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сый ақы алуына, сондай-ақ, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауға, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешуге, тынығуға, еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндерге заңмен бекітілген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндеріне, жыл сайынғы ақылы демалысқа кепілдік берілген. Еңбек құқықтарын жүйелі қамтамасыз ету үшін Еңбек кодексі арнайы қабылданған.
Жеке еңбек дауын қарау тәртібі. Жұмыскерлерінің саны он бес адамнан аспайтын коммерциялық емес ұйымның жұмыскері, үй жұмыскері, заңды тұлғаның жеке-дара атқарушы органы, заңды тұлға атқарушы органының басшысы, сондай-ақ заңды тұлғаның алқалы атқарушы органының басқа да мүшелері арасында туындайтын дауларды қоспағанда, жеке еңбек дауларын – келісу комиссиялары, ал реттелмеген мәселелер не келісу комиссиясы шешімінің орындалмауы бойынша соттар қарайды.
Келісу комиссиясы жұмыс беруші өкілдері мен жұмыскерлер өкілдерінің бірдей санынан тепе-тең негізде ұйымдарда құрылатын, тұрақты жұмыс істейтін орган болып табылады. Келісу комиссиясының жұмысы туралы келісімде не ұжымдық шартта келісу комиссиясы мүшелерінің сандық құрамы, келісу комиссиясы мүшелерінің қатарынан төраға мен хатшыны сайлау тәртібі, келісу комиссиясына өтініш беру тәртібі, келісу комиссиясының жұмыс тәртібі мен регламенті, келісу комиссиясының шешім қабылдау тәртібі мен оның мазмұны, келісу комиссиясы мүшелерінің өкілеттік мерзімі, оның мүшелеріне кепілдіктер беру туралы ережелер және келісу комиссиясының жұмысын ұйымдастыру жөніндегі өзге де мәселелер қамтылуға тиіс.
Келісу комиссиясына келіп түскен өтінішті көрсетілген комиссия берілген күні міндетті түрде тіркеуге тиіс. Дау өтініш берушінің және (немесе) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес берілген өкілеттіктер шегінде ол уәкілеттік берген өкілдің қатысуымен қаралады. Өтініш берушінің жазбаша келісімі болған кезде дауды оның қатысуынсыз қарауға жол беріледі.