Шымкентте 1,5 миллионның алтынын жымқырған бала күтуші ұсталды
Абай аудандық полиция басқармасына 102 арнасы арқылы жергілікті тұрғын арызданды. Ол өз шағымында жатын бөлмесіндегі шкаф ішінен құны 1 млн 500 мың теңге тұратын алтын әшекейлерінің жоғалғанын жеткізді.
Оқиға орнына жедел тергеу тобы барды. Істің мән-жайын нақтылау барысында сол үйде бала күтімімен айналысатын 19 жастағы қыз күдікке ілінді. Тәртіп сақшылары, шұғыл іздеу жұмыстарын жүргізіп, күдіктіні Абай АПБ-на жеткізді. Аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі «Ұрлық» бойынша іс қозғалды.
Белгілі болғандай, жас қыз әуелі үй иесінің неке жүзігін ұрлап, сатып жіберген. Кейін, сөредегі алтындарға көзі түсіп, оны да қаладағы базарларға апарып өткізгені анықталды. Күтуші өз кінәсін толық мойындап, бұл ісі үшін өкінетінін жеткізді. Жәбірленуші келтірген материалдық шығынның толығымен өтелуіне байланысты, азаматшаға кешірім берді.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары тұрғындарды бағалы мүліктеріне барынша сақ болуға шақырады. Қымбат әшекей заттарды арнайы сейфте сақтауға кеңес береді.
Сондай-ақ, Шымкентте теннис орталығынан құны ₸1 миллионнан асатын техниканы ұрлаған рецидивист ұры ұсталды. Ұрланған ноутбуктер мен смартфондар елордадан теннис турнирін өткізуге келген комиссия мүшелеріне тиесілі болып шықты. Кеңседен заттарының жоғалғанын байқаған жәбірленушілер оқиға туралы полицияға хабарлаған.
Хабарламаны алған Тұран аудандық ПБ қызметкерлері бірден ұрлыққа қатысы бар адамды іздеуге кірісті. Бейнекамералардағы жазбаларды зерделеу кезінде, қаскүнем теннис ойнауға келгендей кейіп танытып, спорт орталығына емін-еркін кіргені және ашық тұрған қызметтік бөлмеден қымбат техниканы қолды етіп, оқиға орнынан бой тасалағаны белгілі болды.
Тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтады. Ол бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотты болған 27 жастағы қала тұрғыны. Тергеу барысында, жастығында жасаған қателіктерінен сабақ алмаған азаматтың тағы 7 ұрлық фактісіне қатысы бары анықталды. Жедел іздестіру іс-шарасы нәтижесінде Тұран АПБ-ның жедел уәкілдері әккі ұрының ізіне түсіп, оны тағы бір ұрланған смартфонды кездейсоқ сатып алушыларға өткізу үстінде ұстады.