ЖаңалықтарШымкент

Шымкентте “Қорғау” қосымшасы арқылы көлік басқару құқығынан айырылған жүргізуші анықталды

Шымкентте “Қорғау” қосымшасы арқылы көлік басқару құқығынан айырылған жүргізуші анықталды. Жедел басқару орталығының инспекторлары бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған ер адамның басқаруындағы автокөлікті анықтады.

Дулати көшесімен келе жатқан құқық бұзушының басқаруындағы Toyota Camry туралы ақпаратты «Қорғау» бағдарламасы берді.

Автокөлік тізгіндеушісі ағымдағы жылдың наурыз айында мас күйінде көлік жүргізгені үшін құқығынан айырылғаны белгілі болды. ЖБО-ның кезекшісі оны ұстауға патрульдік полиция полкінің автоэкипажын бағыттады.

Көлікті тоқтатқан соң, ер адам құжаттарын ұсынудан түбегейлі бас тартты. Кейін, көлігін кілтпен құлыптап, жақын маңдағы дүкенге бару керек екенін айтып, жауапкершіліктен жалтаруға тырысты.

Алайда, тәртіп сақшылары оған айласын іске асыруға мүмкіндік бермеді. Заң бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 3-бөлігі «Көлiк құралын басқару құқығынан айрылған жүргiзушiнiң көлiк басқаруы» бойынша хаттама толтырылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Шымкентте жол ережесін бұзған 100-ге жуық самокат пен мопед жүргізушілері жауапқа тартылды. Бір аптаның ішінде Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері мегаполис жолдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында 6402 жол құқық бұзушылықты анықтады.

Оның ішінде, мопедтер мен электр самокаттардың қозғалу ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген күннен бастап, 98 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Тәртіп сақшылары анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтардың басым бөлігі жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту, шлемсіз, сондай-ақ тәуліктің қараңғы уақытында көрінуді қамтамасыз ететін жарық шағылыстыратын затсыз басқару болып саналатынын атап өтті.

Сонымен қатар полицейлер жүргізушілер арасында аталған жол қозғалысы ережелерін бұзу жайттарын болдырмау және жүргізушілерге заңнамалық актілердегі өзгерістер туралы хабарлау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Back to top button