ЖаңалықтарШымкент

Шымкентте теннис орталығынан құны ₸1 миллионнан асатын техниканы ұрлаған рецидивист ұры ұсталды

Ұрланған ноутбуктер мен смартфондар елордадан теннис турнирін өткізуге келген комиссия мүшелеріне тиесілі болып шықты. Кеңседен заттарының жоғалғанын байқаған жәбірленушілер оқиға туралы полицияға хабарлаған.

Хабарламаны алған Тұран аудандық ПБ қызметкерлері бірден ұрлыққа қатысы бар адамды іздеуге кірісті. Бейнекамералардағы жазбаларды зерделеу кезінде, қаскүнем теннис ойнауға келгендей кейіп танытып, спорт орталығына емін-еркін кіргені және ашық тұрған қызметтік бөлмеден қымбат техниканы қолды етіп, оқиға орнынан бой тасалағаны белгілі болды.

Тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтады. Ол бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотты болған 27 жастағы қала тұрғыны. Тергеу барысында, жастығында жасаған қателіктерінен сабақ алмаған азаматтың тағы 7 ұрлық фактісіне қатысы бары анықталды.

Жедел іздестіру іс-шарасы нәтижесінде Тұран АПБ-ның жедел уәкілдері әккі ұрының ізіне түсіп, оны тағы бір ұрланған смартфонды кездейсоқ сатып алушыларға өткізу үстінде ұстады. Күдікті бір ай ішінде өзгенің төрт ұялы телефонын, ноутбук пен екі ойын приставкаларын иемденген.

Жалпы сомасы 2 миллион теңгеден астам шығын емдеу орталығының, интернет-клуб және стоматологияның жұмысшылары мен шаштаразға келтірілген. Барлық жағдайда ол ғимараттарға қызмет алушы кейпінде кірген.

Қазіргі уақытта 188-баптың 3-бөлігінің 2-тармағы «бірнеше рет жасалған ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған ер адам қамауда.

Бұдан бөлек, Шымкентте жүздеген қорап темекі өнімдерін ұрлаған ер адам ұсталды. Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне ұрлық жайты туралы хабарлама түсті. Тапа-тал түсте белгісіз тұлға азық-түлік базарының автотұрағына қойылған көліктің салонынан 22 блок темекіні жымқырып кеткен.

Жәбірленушінің айтуынша, ол көліктің есігін кілтпен құлыптамай бірнеше минутқа ғана қалдырған. Қайтып келгенде сатып алынған заттың жоғалғанын байқаған. Осылайша, базарға өз дүкеніне тауарды көтерме бағамен сатып алу үшін келген кәсіпкерге шығын келтірілген.

Шақырту бойынша оқиға орнына жедел топ жолданды. Полиция қызметкерлері күдіктінің жүрген жолын бейнебақылау камераларының көмегімен бақылап, ер адам бір сағатта қолға түсті.

Back to top button