Шымкентте жүздеген қорап темекі өнімдерін ұрлаған ер адам ұсталды
Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне ұрлық жайты туралы хабарлама түсті. Тапа-тал түсте белгісіз тұлға азық-түлік базарының автотұрағына қойылған көліктің салонынан 22 блок темекіні жымқырып кеткен.
Жәбірленушінің айтуынша, ол көліктің есігін кілтпен құлыптамай бірнеше минутқа ғана қалдырған. Қайтып келгенде сатып алынған заттың жоғалғанын байқаған. Осылайша, базарға өз дүкеніне тауарды көтерме бағамен сатып алу үшін келген кәсіпкерге шығын келтірілген.
Шақырту бойынша оқиға орнына жедел топ жолданды. Полиция қызметкерлері күдіктінің жүрген жолын бейнебақылау камераларының көмегімен бақылап, ер адам бір сағатта қолға түсті. Тергеу барысында оның Еңбекші ауданының аумағында дәл осылай көліктен темекі блоктарын ұрлағаны белгілі болды. Сонымен қатар, ұсталған азамат бұрын соңды ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотты болған.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін, іс бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Тәртіп сақшылары автокөлікке заңсыз кiрумен жасалған ұрлықтың алдын алу үшін қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауды ұсынады. Көлік құралының салонында бағалы заттарды мейлінше қалдырмауға тырысыңыз; көлік есіктерінің жақсы жабылғанын үнемі тексеріп, сенімді дабыл жүйесін орнатыңыз.
Абай аудандық полиция басқармасына 102 арнасы арқылы жергілікті тұрғын арызданды. Ол өз шағымында жатын бөлмесіндегі шкаф ішінен құны 1 млн 500 мың теңге тұратын алтын әшекейлерінің жоғалғанын жеткізді.
Оқиға орнына жедел тергеу тобы барды. Істің мән-жайын нақтылау барысында сол үйде бала күтімімен айналысатын 19 жастағы қыз күдікке ілінді. Тәртіп сақшылары, шұғыл іздеу жұмыстарын жүргізіп, күдіктіні Абай АПБ-на жеткізді. Аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі «Ұрлық» бойынша іс қозғалды.
Белгілі болғандай, жас қыз әуелі үй иесінің неке жүзігін ұрлап, сатып жіберген. Кейін, сөредегі алтындарға көзі түсіп, оны да қаладағы базарларға апарып өткізгені анықталды. Күтуші өз кінәсін толық мойындап, бұл ісі үшін өкінетінін жеткізді. Жәбірленуші келтірген материалдық шығынның толығымен өтелуіне байланысты, азаматшаға кешірім берді.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары тұрғындарды бағалы мүліктеріне барынша сақ болуға шақырады.