ЖаңалықтарШымкент

Шымкентте теміржол маңында тұрған көліктен аса ірі көлемде есірткі табылды

Үкімет отырысында Есірткі және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жобасы жан-жақты талқыланды. Өйткені, соңғы жылдары есірткіні қолдану мен таратудың кең етек жаюы байқалады. Әсіресе, анашаның синтетикалық түрін пайдаланушылар қатары да, таратушылар да тез өсуде.

Түнгі уақытта әкімшілік аумақты патрульдеу кезінде Абай АПБ-ның учаскелік инспекторлары теміржол маңында тұрған көлікке назар аударды. Жақындай түскен полицейлер Toyota camry автокөлігінің тізгінінде отырған қобалжулы жас жігітті байқады. Оның оғаш қылығы тәртіп сақшыларының күдігін туғызды. Қажетті тексеру жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті полицейлер жедел-тергеу тобын шақырды.

Автокөлікті тінту кезінде жүргізуші есігінің қалтасынан үш полиэтилен орамы салынған пакет табылды. Олардың бірінде ерекше иісі бар жасыл түсті ұнтақ зат болған. Қалғандарының ішінде ақ ұнтақ салынған ондаған орама болды. Тәркіленген гашиш пен мефедронның жалпы салмағы 200 грамнан асты.

Аталған жайт Абай АПБ-да ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша тіркелді. «2000 ж.т. азамат өткізу мақсатында есірткімен заңсыз жұмыс жасады деген күдікке ілініп, Шымкент ҚПД-нің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ұсталған адамның көлігі айып тұрағына жеткізілді. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде», – деді қылмыстық істі тергеуші аға лейтенант Бекжан Мырзан.

Айта кетейік, Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында полиция қызметкерлері есірткі қылмысының алдын алу және оған қарсы күрес жұмыстарын күшейтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында есірткімен байланысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажеттігін және бұл қылмысты террористік әрекетке теңестіруге болатындығын айтқан. Қазіргі заманда елімізде нашақорлыққа қарсы қылмыс ең күрделі мәселесі болып табылады.

Нашақорлық — қоғамды толғандыратын ең өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі, ал ең қауіпті қылмыстардың бірі-есірткі заттарын сату. Өйткені қоғамымызда бұл зиянды затқа құмарлық танытушылар саны күн санап көбеюде. Адам денсаулығын құртып, сананы улайтын аталмаш затқа әсіресе жастар мен жас балалардың әуес болуы үлкен алаңдаушылық туғызады.

Back to top button