ЖаңалықтарШымкент

Жасөспірімдердің қылмысқа баруының негізгі себебі – олардың нақты бір мақсат-мүддесінің жоқтығы

Кәмелет жасына толмағандар арасында орын алатын түрлі қылмыстарды болдырмау – барлығымызға жүктелген қызмет. Ата-ана үйде балаға жақсы тәрбие беріп бақылауы қажет. Ал, мектепте жасөспірім білім нәрімен сусындауы керек. Осылайша тиісті мекемелер қажетті шараларды іске асырса, қылмыстық оқиғалардың алдын алуға болады.

Абай, Қаратау, Еңбекші аудандарындағы жалпы білім беру мектептерінде ювеналды полиция инспекторлары жаңа оқу жылы басталғалы мектеп оқушыларымен кездесу өткізуде.

Бастауыш сынып оқушыларына «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» тақырыбында дәріс өткізіліп, жолда жүру ережелері түсіндірілсе, ал 5-11 сынып оқушыларына жасөспірімдер арасында кеңінен тараған заң бұзушылық, зорлық-зомбылық, әлімжеттік, өз-өзіне қол жұмсау, темекі оның ішінде электронды шылым тақырыптары қозғалуда.

Тәртіп сақшылары жасөспірімдер арасында орын алатын құқықбұзушылықтардың себеп-салдары мен оның алдын алу жөніндегі жүргізіліп жатқан шараларға тоқталды.

«Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Жасөспірімдердің қылмысқа баруының негізгі себебі – олардың нақты бір мақсат-мүддесінің жоқтығы. Бұл тұрғыда ата-аналардың көпшілігі жұмысбастылық салдарынан балаларына жеткілікті көңіл бөлмейтіндігін де айта кету керек», – дейді ювеналды полиция инспекторы Мира Бердуалықызы.

Өз кезегінде ювеналды полиция қызметі бөлімінің сақшылары балаларды жолда барынша сақ жүруге, бағдаршамның сигналды түстеріне ерекше назар аударуға және жаяу жүргіншілер өткелінен ересек кісілермен асықпай өтуге шақырады. Өйткені, бүлдіршіндердің аяқ астынан жолға жүгіріп шығуы түрлі жол апаты жағдайларына алып келуі мүмкін екенін еске салады.

Әрбір адамның өмірде толыққанды тұлға болып қалыптасуында құқықтық тәрбиенің алар орны ерекше. Тәрбиенің сан қырын қарастырсақ та құқықтық тәрбие, құқықтық сауаттылық көш ілгері болмақ. Қазіргі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу.

Back to top button